Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев Сырдария ауданының Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін», «Халық алғысы» медальдарының иегері Расул Әбутәліпұлы Есеновты еске алуға арналған қазақша күрестен облыстық турнирдің ашылуына қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Іс-шараға Сырдария ауданының Құрметті азаматы Батырбек Маншарипов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудан прокуроры Асқарбек Кемалов, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, ардагерлер мен ағайын-туыс, ұрпақтары қатысты.

Аудан басшысы Р.Есеновтың елге атқарған еңбегіне тоқталып өтті.
– Расул Әбутәліпұлы – облыс экономикасының, оның ішінде Сырдария ауданының дамынуына өзінің қажымас қызметі арқылы айрықша үлес қосқан ардақты азамат. Ол өңірде кәсіпкерлік саласында «Углесбыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, белгілі меценат атанды. Ардақты азамат елдің үлкен-кішісімен етене араласып, ауданның барлық қоғамдық өміріне белсене еңбек етті. Елге қызмет атқарған жылдарда Сырдария ауданында көптеген құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне, балалар ойын алаңдарының және тұрғын үйлердің салынуына, Тереңөзек кенті мен ауылдардың көркеюіне атсалысты. Жомарт жан ретінде қайырымдылық іс-шараларға қолдау көрсетіп, тұрмысы төмен отбасыларға үнемі көмек қолын созды. Расул Есенов IV, V шақырылған Сырдария аудандық мәслихатының, VI, VII шақырылған Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, Қызылорда облыстық мәслихатының Экономика, қаржы және жергілікті басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі болды. Халық қалаулысы ретінде қабылдауға келген әрбір адамға қол ұшын беріп, мәселелерін шешуге әрдайым бейім тұратын. Жақсының аты өшпейтіні белгілі. Сондықтан ел қадірлеген азаматтың жарқын істері әркез жаңғырып тұрады, Расул Есеновтың есімі ұмытылмайтыны анық. Сыр елінің қадірлі тұлғасының есімін дәріптеу мақсатындағы биыл екінші рет өткізіліп жатқан жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев пен анасы Бақыткүл Байжүнісова сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.

Айта кетейік, елге белгілі тұлғаны еске алуға арналған жарысқа 14 команда 150-ге жуық спортшы қатысуда.

БӨЛІСУ