«AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен Сыр елінде өтіп жатқан ХХІІ республикалық пікірсайыс турнирі аясында рухтастар «BIR TOLQYNDА» диалог алаңында бас қосты.

Кездесуге «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова, партияның қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева және «Жастар рухы» жастар қанатының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Әсетхан Баймұрза қатысты.

Жиында партияның қалалық филиалының Атқарушы хатшысы, облыстық мәслихаттағы фракция мүшесі Гүлшат Исақызы: «Жастар рухы» қаншама жас достарымыздың басын біріктіріп, олардың қоғамдағы белсенділігін арттырып ғана қоймай, бәсекеге қабілетті етіп даярлауда мол еңбек сіңіруде. Сыр елінің жастарының ойы ұшқыр, білімі терең болуына жастар қанатының да берер пайдасы мол. Бүгінгі ұйымдастырылған осындай тамаша, еркін форматтағы кездесуде өздеріңізді көріп отырғаныма қуаныштымын. Барлығыңызға сәттілік тілеймін. Біз әрдайым «Жастар рухымен» біргеміз!,-деді.

«Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова Сыр елінің жастарына үлкен алғысын білдіре отырып, жергілікті жастардың креативті ойлары мен еңбегін ерекше бағалайтынын жеткізді.

Диалог алаңында жастар тарапы өткізіліп жатырған турнирге, жастар қанатының алдағы жоспарлары мен мақсаттарына байланысты өз ой – пікірлерін білдіріп, әр жоба мен бастамада белсенділік танытатынын жеткізді.

БӨЛІСУ