Қаламыздың тұрғын үйлерін ыстық сумен жабдықтау жұмыстары қарқынды жүруде. Бүгінде 187 үйдің өжірелеріне құбырлар толығымен тартылып, ендігі кезекте пәтерлерге есептегіш құралдар мен тіреуіштер орнатылуда.
Осы орайда бүгін «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Басқарма Төрағасының кеңесшісі Мұхитжан Кәрімбаев Шұғыла мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарымен кездесті.
Кездесуде пәтер иелерінің ұсыныс-пікірлері мен талап-тілектері тыңдалды. Сондай-ақ, Мұхитжан Исмайұлы тұрғындарға аталмыш ыстық су техникалық емес таза су екендігі және төлем бағасының тиімділігі жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жоспар бойынша ыстық су желтоқсан айына дейін толығымен қосылмақ. Айта кететін жәйт, атқарылатын жұмыстарға тұрғындар тарапынан ешқандай да шығын шықпайды. Мұнымен қоса, ыстық су тек жылу маусымында ғана емес, қысы-жазы толығымен қамтамасыз етіледі.
Бүгінде тұрғындар тарапынан ыстық сумен жабдықтауға қатысты көптеген сауалдар келіп түсуде. Осыған орай тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Әсіресе, ыстық сумен жабдықтау жұмыстары жылуға кедергі келтіруде деген түсініктер қалыптасуда. Жылудың дұрыс берілмеуіне қатысты арнайы сала өкілдері өздері жауап береді, біз өз жұмыстарымызды кедергісіз жалғастырудамыз, − дейді Мұхитжан Исмайұлы.
Айта кетейік, ыстық сумен жабдықтау жұмыстар екі кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезең бойынша 187 үй, екінші кезеңде 2025 жылы 237 үй орталықтандырылған ыстық сумен қамтылады.
Қызылорда облыстық Энергетика, және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметіне сәйкес, өңірді ыстық сумен қамту жобасын екі кезең бойынша жүзеге асыру жоспарланып отыр. Соған орай биыл 187 үй бірегей жобаның игілігін көретін болады. Оған Үкімет резервінен 11 млрд теңге бөлінген. Бүгінде 107 үйге тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Ал 2025 жыл еншісінде 237 тұрғын үйді ыстық су жүйесіне қосу көзделуде. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін демеушілер есебінен 32 жоба әзірленіпті.«Бұл жоба Мемлекет басшысының былтыр Сыр өңіріне сапарындағы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отыр. Соған орай облыс әкімінің бастамасымен көптен күткен бірегей жоба қолға алынды. Осының негізінде 17 жоба бойынша 186 көппәтерлі тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтау үшін Үкіметтің резервінен қаржы бөлінді. Осы жоба бойынша биыл қаладағы Шұғыла, Сырдария, сол жағалау, Тәуелсіздік және Бейбарыс көшелеріндегі тұрғын үйлерге ыстық су жүйесіне жүргізу көзделіп отыр», – деп түсіндірді сол брифингте басқарма басшысы Медет Усаин.
Басқарма таратқан мәліметке сәйкес, бұған дейін Қызылорда қаласында тұрғын үйлер электрлі су жылытқыш немесе газбен жылытатын құрылғылар арқылы ыстық суды тұтынуға мәжбүр болды. Соның ішінде әрбір үйде кем дегенде 50 литрлік аристон құрылғысы пайдаланылады. Бұл құрылғы суды ысыту үшін кем дегенде 3 киловатт электр энергиясын қажет етеді екен. Бұған кететін шығындар 1700 теңгеден 2000 теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Ал ыстық суға қосылған үйдің шығыны 5 есеге арзан түсетіні анықталған. Сондықтан ыстық су жүйесін жүргізу тұрғындар үшін электр энергиясын үнемдеуге де зор ықпал болатынын алға тартады.