Облыстық мәслихат депутаттарының жұмыс сапары Шиелі ауданында жалғасты. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Шиелі ауданының 5 елді мекенінде ( Бестам, Ә.Тәжібаев, Алмалы, Ортақшыл, Тартоғай а/о) дәрігерлік амбулатория салынуда.
Депутаттар жұмыс сапары барысында дәрігерлік амбулаториялардың құрылыс жұмыстарын көріп, мердігер мекеме өкілдері мен тиісті сала мамандарына жұмыстың сапалы әрі мерзімінде орындалуын қадағалауды тапсырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев денсаулық сақтау ісінің тиімді моделін құру арқылы барлық ауылдық елді мекендерді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету қажеттігін айтқан болатын. Өйткені, халық денсаулығы еліміздің стратегиялық мақсаттарға жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі. Міне, өз кезегінде осындай жаңа дәрігерлік амбулаториялардың ашылуы – ауыл халқы үшін үлкен қуаныш. Медициналық ғимараттар заманауи үлгідегі жаңа құрылғылармен жабдықталып, алдағы уақытта ел игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

БӨЛІСУ