Skip to content

796 МЫҢ АДАМ ТҰМАУҒА ҚАРСЫ ЕКПЕ АЛДЫ

Елімізде 769 мың адам тұмауға қарсы екпе алды.

Жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) және тұмаумен сырқаттанудың жыл сайынғы эпидемиологиялық маусымы басталды. Жыл сайын республикада 4-5 млн ЖРВИ және 2 мыңға дейін тұмау оқиғасы тіркеледі. Министрлік тұмау мен ЖРВИ-дің эпидемиологиялық жағдайына апта сайын мониторинг жүргізеді. Биылғы қыркүйек айында республикада 544 368 ЖРВИ жағдайы тіркелді, өткен жылдағы қыркүйек айымен салыстырғанда бұл көрсеткіштің 27% -ға төмендегені байқалады. Бұл туралы ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова ОКҚ брифингінде хабарлады.

Оның айтуынша, соңғы аптада республикада 171 532 ЖРВИ жағдайы тіркелді, өткен аптамен салыстырғанда ЖРВИ жағдайлары 9%-ға  төмендеді. Тұмау оқиғасы тіркелген жоқ. Тұмаудан басқа Қазақстанда тұмауға жатпайтын вирустар да тарайды. Қыркүйекте басқа да гриппозды емес инфекцияларға 388 сынама зерттелді, оның ішінде 137 сынамада оң нәтиже анықталды, оның ішінде риновирус – 49, бокавирус – 35, парагрипп – 25 , аденовирустық – 17, РС – 7, басқалары – 4. 16 – тамызда ағымдағы эпидемиологиялық маусымға тұмау және ЖРВИ бойынша санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізу туралы Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына қол қойылды.
«Қаулыға сәйкес медициналық ұйымдардың тұмауға қарсы иммундау науқанын жүргізуге, тұмаумен және ЖРВИ-мен ауыратын науқастарды қабылдауға дайындығы, сондай-ақ зертханалардың тұмауға және басқа ЖРВИ-ға зертханалық зерттеулер жүргізуге дайындығы қамтамасыз етілді», – деді спикер.

ДДСҰ деректері бойынша алдағы эпидемиялық маусымда тұмаудың  AH1N1,AH3N2 және В штамдары өзекті болады. Олар 2024-25 жылдарға арналған вакциналауға енгізілген. Ағымдағы жылы бюджет қаражатына Ресей өндірген «ГРИППОЛ +» вакцинасының 2 млн 207 мың дозасы сатып алынды. Бұл республиканың жалпы халқының 11%-н қамтуға мүмкіндік береді.

ДДСҰ халықтың кемінде 10%-н вакциналауды ұсынған болатын. Вакцинада алдағы маусымға қарсы штамдар бар. Бүгінгі таңда тұмауға қарсы 769 мың адам егілді, вакциналау жалғасуда. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен халықтың неғұрлым осал топтары: медицина қызметкерлері; медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар; жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, балалар үйлеріне арналған білім беру ұйымдарының балалары; эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша вакцина алады.

Мамандардың мәлімдеуінше, тұмау кенеттен басталып, температураның күрт көтерілуімен бірге жүреді. Дененің айқын интоксикациясы кезіндегі белгілер: қалтырау, адинамия, бұлшықет және бас ауруы, бүкіл дененің ауруы, кеудеде ауырсыну болатын құрғақ жөтел. Кез келген басқа вирустық инфекция кезінде, әдетте, катаральды белгілер басым болады. Яғни, мұрыннан су аға бастайды, тамақ ауырады, содан кейін ғана осы катаральды көріністермен қатар температура пайда болады.

«Аурудың алдын алу үшін қарапайым сақтық шараларын ұстану керек: адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе, жабық үй-жайларға баруды шектеу; үй-жайларды үнемі желдету; қолды өңдеу үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды қолдану; науқас адамдармен байланысты шектеу, оларды оқшаулауды қамтамасыз ету; тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдыру және ұйымдасқан ұжымдарға жібермеу; ауру белгілері пайда болған кезде уақытылы медициналық көмекке жүгіну керек», – деді спикер.

 

БӨЛІСУ

Designed using Hoot Business. Powered by WordPress.