Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Қызылорда облысында қолданылған су үнемдеу тәжірибесін басқа өңірлерге тарату туралы тапсырма берді. Бұл әсіресе, вегетация кезеңінде су тапшылығы қатты сезілетін оңтүстік өңірлерге қатысты.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев су шаруашылығындағы мәселелерге орай нақты міндеттерді айқындады.

«2022 жылдың қазан айында Арал теңізіндегі су көлемі 18,5 млрд. текше метрге дейін азайған болса, биыл 22 млрд. текше метрге дейін жетті. Алдағы қыс мезгілінде Шардара су қоймасынан Сырдария өзеніне түсетін мол суды тиімді пайдаланып, теңізге көбірек жіберіп, көлдер жүйесін, шабындықтар мен жайылымдарды суландыру қажет.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Арна» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Аталған мекеме елді мекендердегі су нысандарын тазалап, гидротехникалық құрылыстарды жөндейді. Алайда, әлі күнге дейін суға төлем төлеу баяу жүруде. Аудан әкімдері, мәселені тұрақты бақылауға алып, қарызды 1 қарашаға дейін толық өтеу шараларын қабылдаңыздар», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Облыс әкімі су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына енгізілген жобаларды іске асыруда Су ресурстары және ирригация министрлігімен нақты жұмыс жасауды, Ислам Даму банкінің қаржыландыруымен жүргізілетін «Қараөзек» су қоймасы құрылысын 2025 жылы бастау жұмыстарын үйлестіруді жүктеді.

Егістікке су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізіп, қыстағы мол суды Арал теңізі мен көлдер жүйесіне жіберу, шабындықтар мен жайылымдарды суландыру, 2025 жылдың вегетациялық кезеңіне дейін каналдарды тазалау, жөндеу керек.

Жиында Шардарадан жіберілетін судың тиісті көлемін алуды, қауіпсіз өткізуді ұйымдастыру міндеттелді. Сондай-ақ, аймақ басшысы «Қызылорда су торабындағы» жөндеу жұмыстарын осы жылдың 10 қарашасына дейін аяқтауды тапсырды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ