Қызылорда облысының Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылындағы мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Самат Ақпанбетов жары Гүлзирамен бірге жұмысқа арналған қолғап шығаруда.
Оның кәсіптің бұл түрін қолға алуына қызығушылығы себеп болған. Самат әлеуметтік желі, ютубтен қолғап шығаруға қатысты бейне материалдарды көруді ұнатады. Осы саланы екі жылдан астам уақыт зерттей келе, отбасымен ақылдасып, шығарып көруге бел байлайды.
Саматтың келіншегі де ұстаз. Мектепте информатика пәнінен сабақ береді. Қос ұстаз көп балалы отбасы. Бүгінде 5 баланы өсіріп, тәрбиелеуде.
“Қазір бір ғана табысқа қарап отыратын уақыт емес. Ешкімге қол жаймай балаларымызды аяққа тұрғызғымыз келеді. Сол үшін отбасылық кәсібіміз болғанын қалаймыз. Бұған дейін де кәсіппен айналысып көргенмін. Сала бізге таңсық емес. Дегенмен осы жолы хоббиімді бизнеске айналдырып көргім келеді”, – дейді Самат Ақпанбетов.
Самат пен Гүлзира ең алдымен нарықты зерттейді. Қызылорда облысының өзінде шаруашылыққа қолданатын жұмысқа арналған қолғап шығарылмайтынын анықтайды. Облыс тұрғындары оны көрші Шымкенттен, Қытайдан алдырады екен. Содан қолғап шығару ісін жақсы білетін мамандарды іздеп табады. Таразда осы салаға машықтанған кәсіпкерлер бар екен. Солармен серіктес болып, Қытайдан қолғап шығаруға қажет жіп пен шағын цехтың құралын алдырады.
“Кәсібімізге қажет қаржыны “Қызылорда” Өңірлік инвестициялық орталығынан алдық. Мемлекеттік бағдарлама аясында аз пайызбен 6 млн теңге несиеге осы ісімізді бастап отырмыз. Қазір нарықта жұмысқа қолдануға арналған қолғап парымен 120-150 теңгеден сатылып жатыр. Біз 80-85 теңгеден береміз. Сұраныс жоғары. Енді ғана ғой бастап жатқанымыз. Десе де алғашқы шығарған партияны құрылыс заттарын сатумен айналысатын кәсіпкерлер қуана-қуана алып кетті”, – дейді.
ЖК “Гүлзира” қазір күніне 200-250 дана, аптасына 1200-1500 дана қолғап шығарып жатыр. Цехтың қуаттылығына сай өнім шығаруына Гүлзира, ал өнімнің сапасы мен тұтынушы табуға Самат жауапты. Әзірге бар шаруаны өздері істеп жатқан отбасылық кәсіп иелері болашақта екі жұмысшы алуды көздеп отыр.