Қызылорда қаласына жұмыс сапарымен келген «Қазақстан дәуірі» газетінің Бас редакторы, «Құрмет» орденінің иегері Ертай Айғалиұлы Партияның сайлауалды бағдарламасы негізінде шаһарымызда бой көтерген нысандардың жұмысымен танысты.

Алдымен Сол жағалаудағы «Жайлы мектепке» табан тіреген меймандар білім ошағының жұмысына оң бағасын берді. Жаңа мектепте оқу кабинеттері, шығармашылық бөлмелер талапқа сай жасақталған. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына толық жағдай қарастырылған. Бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік жабдықтары орнатылған.

Жайлы мектептің өзге мектептен айырмашылығы – олар бірыңғай стандарттар бойынша жобаланып, пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар – бәрі бірыңғай жаңартылған форматта жасақталған.
Мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылған.
Оқушыларға ыңғайлы болуы үшін трансформер парталар мен «ауызсу фонтандары» қойылған. Әр қабатта оқушыларға арналған тынығу алаңдары ұйымдастырылған.

Бұдан кейін қонақтар облыстық Қан орталығына атбасын бұрды. Ғимарат құрылысына республикалық бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінген болатын. Жыл сайын өңірде 10 мыңнан аса тұрғын донорлық қан тапсырады. Орталық медициналық ұйымдардың сұранысына сай 17 мың дозадан астам қан компоненттерін дайындалмақ. Бастысы, донор болуға ынта танытқан азаматтарға орталықта барлық жағдай жасалған.

Айта кетейік, «Қазақстан дәуірі» газетінің ұжымы еліміз бойынша «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспидициясын бастап, ауыл аймақтардың тыныс-тіршілігімен, партияның Сайлауалды бағдарламасындағы «Ауыл аманаты» жобасының іске асуымен және нысандар жұмысымен танысуда.

БӨЛІСУ