Бүгін елордада Астана медицина университетінің 60 жылдық мерейтойына арналған «Astana Medical Forum 2024 «Болашақ медицинасы – білім және практика ғылымының интеграциясы» атты бірінші халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды.

Еліміздің ең көне ЖОО алаңы алғаш рет жетекші қазақстандық және шетелдік ғалымдардың, зерттеушілердің, сарапшылардың, практикалық дәрігерлердің қатысуымен ауқымды салалық форумның тұғырнамасына айналды.

Салтанатты ашылу рәсімінің басында Денсаулық сақтау министрі медициналық жоғары оқу орнының ұжымына Мемлекет басшысының атынан медицина университетінің рөлін атап өтіп, қызметкерлер мен оқытушыларға еңбегі үшін алғысын білдірген жылы лебіздерін жеткізді.

«Астана медицина университетінің әйгілі тарихы 1964 жылы Целиноград мемлекеттік медицина институтын құрудан басталды және осы жылдардың ішінде ол медициналық білім және ғылым саласында сенімді көшбасшы болды, Денсаулық сақтау министрлігінің реформалары мен бастамаларын белсенді қолдайды», – деп атап өтті ведомство басшысы.

Алты онжылдықта медицина университеті жоғары дәрежелі дәрігерлер, фармацевтер, денсаулық сақтауды ұйымдастырушылар қатарын толықтырған 30 мыңнан астам дипломды маман шығарды.

Ашылу салтанатында Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы денсаулық сақтау саласының ардагерлеріне, практикалық дәрігерлерге және университеттің оқытушылар құрамына «Еңбек ардагері» медалін, сондай-ақ «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерін табыс етті.

Медицина университетінің мерейтойы қарсаңында тағайындалған медицина ғылымдарының докторы, профессор Салидат Қайырбекова атындағы беделді стипендияны ведомство басшысы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің 3 курс студенті Малика Айбековаға табыс етті.

Конференцияға қатысушылар денсаулық сақтау саласындағы заманауи сын-қатерлерді және болашақ медицинасы үшін кадрлар даярлауды, клиникалық практикадағы инновациялық технологияларды, цифрландыруды дамыту трендтерін, медицина ғылымын дамыту перспективаларын, нақты кейстер бойынша тәжірибелік әзірлемелер мен зерттеулерді талқылайды.

БӨЛІСУ