Сыр өңіріне Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы У Вон Шик бастаған ресми делегация жұмыс сапарымен келді. Делегация мүшелерін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев күтіп алды.

Аймақ басшысы екі ел арасындағы стратегиялық қарым-қатынастың тиімділігіне тоқталды.

«Екі елдің Президенттері қазақ-корей ынтымақтастығын жоғары деңгейге көтерді. Сізді Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы қызметіне тағайындалуыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Жұмысыңызға табыс тілеймін.
Біздің Қызылорда облысына өткен ғасырдың басында қоныстанған корей ағайындармен жергілікті халық тату-тәтті өмір сүріп келеді. Елімізде әр этностың өз тамырынан ажырамай, тілі мен ділін сақтауына барлық жағдай жасалған. Корейлер өздерінің адал еңбегімен аймақтың әлеуметтік-экономикалық, аграрлық және мәдени-рухани дамуына зор үлес қосуда.
Өмірінің соңғы жылдарын қазақ жерінде өткізген генерал Хон Бом Доның құрметіне Қызылорда қаласында мемориал тұрғызылып, оның есімі қаланың бір көшесіне берілген. Бұл – корей халқына, батырдың ерлік даңқына деген шынайы ықылас пен зор құрметтің белгісі.
Өзіңіздің тікелей қолдауыңызбен Сеул Ұлттық ғылыми-техникалық университеті президентімен кездесіп, білім және ғылым саласында тиімді байланыс орнатылды. Өткен жылы қараша айында Қорқыт ата университетінде Жасанды интеллект мектебі ашылып, қазір онда 100 студент білім алуда.
Екіжақты ынтымақтастық аясында өнеркәсіп саласына да жіті көңіл бөлінді. Корейлік «With you E&C» компаниясы облыста 36 млн. АҚШ долларына тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жарату зауыты жобасын жүзеге асыруда. Жобаға тиісті жер телімі табысталып, қолдау көрсетілді», – деді Н.Нәлібаев.

Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы У Вон Шик екі ел арасындағы қарым-қатынастың одан әрі нығаюы жолында нәтижелі жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.

Қос тарап өзара байланысты дамытуға бағытталған маңызды мәселелерді талқыға салды. Облыс әкімі ынтымақтастыққа кең әріптестік алаң ұсынылатынын, Арал теңізінің тартылуы салдарынан болған өңірдің экожүйесіндегі проблемаларды шешу, халық денсаулығын жақсарту басты назарда екенін атап өтті. Бұл орайда Кореяның озық экологиялық және ғылыми-инновациялық компанияларымен жұмыс жасауға мүдделі екенін жеткізді.

Қызылорда облысының әкімдігі инвесторларды жан-жақты сүйемелдеуге әрдайым әзір.
Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы көтерілген мәселелер бойынша қолдау көрсетілетінін айтып, ыстық ықылас танытқан қызылордалықтарға алғысын білдірді.

Шетелдік делегация қайта жаңғыртудан өткен Хон Бом До мемориалдық кешеніне барды.
Хон Бом До – өткен ғасыр басындағы жапон басқыншыларына қарсы қарулы күрес қолбасшыларының бірі. 1919 жылдан Тәуелсіздік армиясының ұйымдастырушысы болды. Азамат соғысы аяқталғаннан кейін Кеңес Одағы аумағында өмір сүріп, 1937 жылы Қызылорда қаласына жер аударылып, 75 жасында дүниеден өткен. 2021 жылы генерал Хон Бом Доның сүйегін жерлестері туған жеріне алып кетті.

Сонымен қатар делегация Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі СеулТех Жасанды интеллект мектебінің жұмысымен танысып, студенттермен кездесті. Облыс әкімі Корея Республикасына іссапары кезінде Сеул Ұлттық ғылыми-техникалық университеті президентімен кездесіп, келіссөздер нәтижелі болды. Бүгінде мұнда жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және информатика бойынша жоғары білімді кадрлар даярланады. Аймақ басшысы бұл әріптестік инновациялық технологияларды дамытуға, озық тәжірибе алмасуға жол ашатынына сенім білдірді.
Осы жылы 12 маусымда Астана қаласында өткен «Қазақстан-Корея» бизнес форумында Қызылорда облысының әкімдігі мен Корея Республикасының «With you E&C» компаниясы арасында «Қызылорда қаласында тұрмыстық қатты қалдықты кәдеге жарататын, сұрыптайтын және қайта өңдейтін зауыт салу» жобасын іске асыру жөніндегі меморандумға қол қойылды.

БӨЛІСУ