Бүгін Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ұлы Отан соғысы ардагері, қоғам қайраткері, адалдық пен шыншылдық, еңбекқорлық пен ізденімпаздық, мейірім мен кешірімділік сынды қастерлі қасиеттердің иесі, халқына риясыз қызмет еткен Ғафур Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл толуына орай “Тау тұлғалы қайраткер” атты көрме ашылды.
Шараға Ғафур Мұхамеджановтың ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері, шәкірттері, қала тұрғындары, ЖОО орындарының студенттері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Бұған дейін Қызылорда қаласының сол жағалауынан Мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Ғафур Мұхамеджановтың атына көше берілді.
Ғафур Мұхамеджанов үш мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Георгий Жуков», «Тыңға 50 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медальдарымен, Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткені үшін ІІІ «Даңқ», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медальдарымен наградталып, еліне адал қызмет еткен жан.
Ұлы тұлғаның есімі, ұрпаққа үлгі болар ісі – кейінгі толқынның мәңгі жадында. «Өткенсіз болашақ жоқ» дегендей, кейінгі ұрпақ аға буынның жақсы ісін үлгі тұтып, құрмет – қошеметін аямайды.
Ардагердің рухын аспандатқан айтулы шараға облыстың зиялы қауым өкілдері қатысты. Басқосуға жиналған қауым жылы естеліктерімен бөлісіп, мемлекет және қоғам қайраткерінің азаматтық тұлғасын тебірене еске алды.
Көрмеге Ғафур Мұхамеджановтың өмірі мен қызметі жайлы суреттері, құжаттары, наградалары, жеке тұтынған заттары қойылды.
Көрмені ашу құрметі қоғам қайраткері, саяси ғылымдарының докторы, профессор Бәкір Әбдіжәлел Қошқарұлына және ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Қайруллаев Қорғанбек Қайруллаұлына берілді.
Сондай-ақ, Ғафур Мұхамеджановтың өмірі мен қызметі жайлы достары, шәкірттері жылы лебіздерін білдіріп, қайраткердің қызы Әлия Мұхамеджанова әкесі жайлы естеліктерін айтты.