Бүгін Қазақстанда Еуропалық ағза доноры күніне орайластырылған Донор күні атап өтіледі.
Донор күні өлімнен кейінгі ағзалар донорлығының көптеген адамдардың өмірін сақтап қалуға қабілетті мейірімділік актісі ретіндегі маңыздылығы туралы халықтың хабардарлық деңгейін арттыру мақсатында өткізіледі.
Әлемдік тәжірибе растағандай, өлімнен кейінгі донорлық – трансплантологияны дамытудың ең перспективалы әдісі болып табылады. Өкпе немесе жүрек күтетін пациенттер үшін бұл құтқарудың жалғыз мүмкіндігі екенін айта кеткен жөн.
2024 жылғы қыркүйекке Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантаттауды үйлестіру және жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі республикалық орталығының күту парағында бүйрек, бауыр, жүрек және «жүрек-өкпе» кешеніне трансплантаттауды қажет ететін 4103 пациент бар.
Жалпы, 2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстанда 926, оның ішінде 851-і тірі донордан, 75-і қайтыс болғаннан кейін трансплантаттау жүргізілді. Әдетте, донорлар негізінен реципиент үшін бүйректі, бауырдың бір бөлігін беретін туыстар болып табылады. Тірі кезіндегі донорлыққа бағытталған мұндай процесс халықтың денсаулығына қауіп төндіреді, олардың мүгедектік қаупін арттырады.
Донор күнін өткізу шеңберінде Министрліктің Трансплантаттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы бірқатар іс-шараларды жоспарлады, онда Қазақстанда да, шетелде де донорлық және трансплантаттау жүйесін дамытудың ағымдағы сын-қатерлері мен перспективалары талқыланатын болады.
Ағымдағы жылдың 10-11 қазанында Астана қаласында денсаулық сақтау саласындағы қазақстандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен конференция өтеді деп күтілуде.
Ағзалар доноры күні әрбір азаматты мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға қабілетті осы игі іске қатысудың маңыздылығын түсінуге шақырады.
Донорлық бүйрек трансплантациясы. Облысымызда мұндай алғашқы ота 2014 жылы жасалған болатын. Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбеден кейін Қызылорда облысы республика бойынша мұндай оталарды жүргізетін бесінші өңір болды. Қазір облыста ағзасы ауыстырылған 85 адам тұрады. Трансплантациялау оталары А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында жасалды. Енді көптеген шеберлік сабақтарын аяқтаған тәжірибелі мамандарымыз мұндай оталарды өз бетінше жасайтын болады. Өткен жылдың соңында Қызылорда қаласының 25 жастағы тұрғыны Дастан Мамытқа отаны сәтті жасады. Науқас үш жыл бойы жасанды бүйрек аппаратына тәуелді болған. Донор оның ағасы, 39 жастағы Омар Мамытов. Трансплантация тек жақын туыстар арасында жүргізіледі.