Бүгін «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов Қазалы ауданына қарасты Кәукей ауылына арнайы барып, партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде бой көтерген 100 орындық клубты көрді.
Жаңа нысанның ауыл тұрғындары үшін маңыздылығы жоғары. Жас ұрпақтың мәдениетке, өнерге, білім мен ғылымға деген құштарлығының арта түсуіне септігі мол болары сөзсіз.
Бұл нысанның құрылысымен «SCS Инжиниринг» ЖШС айналысуда. Нысанның негізгі пайдалануға берілу уақыты өткен жылы болатын. Алайда мердігер мекеменің жұмыс бәсеңдігінен межелі уақыттан мерзімі кешіктірілді. Облыстық партия филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов мердігердің жауапсыздығы халыққа қажетті құрылыстардың мерзімінде аяқталуына кедергі келтірмеу тиістігін қатаң ескертті.
Сондай-ақ нысанды аралау барысында мердігер мекеме өкіліне барлығы сапалы әрі талапқа сай болу керектігін, бақылау барысында анықталған кемшіліктерді қалыпқа келтіру жұмыстарын жасау қажеттігін айтты.