Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде ұстаздар күніне арналған мерекелік шара өтті.

Мерекелі шараға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, ұлағатты ұстаздар қауымын төл мерекемен құттықтады.

«Сіздерді төл мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай атамыз айтқандай мұғалімнің тәрбиесі мен өнегесі, қазыналы білімі шәкірттерінің болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық.
Тәуелсіз Қазақстанда өркениетке барар жолдың бастауы – мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және беделін арттыруға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп келеді.
Мемлекет қолдауының нәтижесінде педагогтардың құқығын қорғайтын арнайы заң қабылданды. Ауданымызда да іргелі істер атқарылып, Жансейіт ауылында 100 орындық мектеп, кент орталығында №252 Г. Ковтунов атындағы мектеп-гимназиясы жанынан 375 орындық қосымша құрылыс салынып, ел игілігіне табысталды. Алдағы уақытта да білім саласына деген қолдау ерекше болмақ»,-деді аудан әкімі Айтбай Жандарбеков.

5 қазан – Мұғалімдер күні мерекесіне арналған салтанатты шарада Қазақстан Республикасының Оқу – ағарту министрлігінің «Құрмет грамотасы», Қызылорда облысы әкімінің, Шиелі ауданы әкімінің «Алғыс хаты», облыстық, аудандық кәсіподақ комитетінің наградалары, табысталды.

Салтанатты шара аудан өнерпаздарының мерекелік концертімен қорытындыланды.

БӨЛІСУ