Аудан әкімі Берік Сәрменбаев «Ұстазым – ұлағатым» атты Ұстаздар мерекесіне арналған салтанатты іс-шараға қатысып, аудан педагогтерін төл мерекемен құттықтады.

Аудан басшысы мемлекет дамуында ұстаздардың еңбегі зор екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мұғалімдер мәртебесінің биік екенін атап көрсетті. Қазіргі заманда білім деңгейі жоғары ұлт қана жаһандану талаптарына жауап бере алады. Сол себепті мемлекет дамуында білім саласы әркез жаңашылдықты талап етеді. Бұл жауапкершілік ең алдымен ұстаздарға жүктелетіні анық. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев өңірдің білім саласына ерекше көңіл бөлуде. Биыл өңірдің білім саласына бөлінген қаржы 262,1 млрд теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 35,2 пайызын құрады. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде аймақта 21 мектеп салынбақ. Сондай-ақ, аймақ басшысының тікелей ықпалымен облыс орталығында дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы мектеп-интернат ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Оған қоса, қаланың сол жағалауында 350 орындық заманауи Оқушылар сарайы салынып, жақында пайдалануға берілді. Демеушілік есебінен музыкалық колледждің жаңа ғимараты, Шығармашылық-инновациялық орталық салынуда. Бұл – өңірдегі білім саласын дамытудағы ауқымды жұмыстар. Ауданда жалпы білім беретін мектептерде барлығы 1328 педагог қызмет жасайды. Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім беретін мекемелерде 303 қызметкер бала тәрбиесін қамтамасыз етуде. Жалпы, ауданның білім саласы жыл сайын айтулы жетістіктерге жетіп келеді. Өткен оқу жылы барлығымызға табысты болды деуге негіз бар. 2023-2024 оқу жылында 396 түлек ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Талапкерлердің 90 пайыздан астамы мемлекеттік грант иегері атанды. Мектеп бітірушілердің 29-ы «Алтын белгіге», 52-сі «Үздік аттестатқа» ие болды. 184 оқушы облыстық, республикалық және 28 мұғалім кәсіби байқауларда жетістікке жетті. Білім саласындағы жетістіктер аудан ұстаздарының қажырлы еңбегінің нәтижесі деп білемін. Сондықтан ұстаздар қауымына шынайы алғысымды білдіремін және жоғары жетістіктер биыл да жалғасады деп сенемін – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мерекеде ұстаздар Оқу ағарту Министрінің «Еңбек ардагері» медалі және “Құрмет грамотасы», Қазақстандық салалық Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптікодағының «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін», «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Қызылорда облысы әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хатымен және облыстық білім басқармасының “Құрмет грамотасымен” марапатталды.

Мерекелік салтанатта ұлағатты ұстаздардың құрметіне аудан әкімінің ықылас гүлі қойылып, ауданның көркемөнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

БӨЛІСУ