2 қазан күні Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында Сауда, қызмет көрсету және туризм салалық кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Жиынға салалық кеңес төрайымы Ақмарал Абдразақова, Палата директоры Пірмұхаммед Сыздық, Кеңес мүшелері, қоғамдық тамақтандыру және туристік агенттік өкілдері, мемлекеттік орган мен “Туристік Қамқор” корпоративтік қорының мамандары қатысты.
Ү.ж. 15 тамыз күні Палата жанындағы Өңірлік кеңестің кезекті отырысында Өңірдің туризм саласындағы жобаларының перспективалары мен проблемалық сұрақтарын талдау, туристік маршруттармен танысу мәселесі қаралған болатын. Кәсіпкерлердің ұсынысы негізінде, отырыс қорытындысымен мәселені Палата жанындағы Сауда, қызмет көрсету және туризм салалық кеңесінде қарау ұсынылды. Осыған орай, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бөлім басшысы Айдос Пайзуллаев туризм саласы бойынша жоғарыда аталып өткен тақырыпты ашып айтып берді.
Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысы Сулейменов Еркасым «Ішкі сауда субъектілеріне жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидалары» тақырыбы төңірегінде тарқатып, кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді.
Күн тәртібіндегі келесі тақырып бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі туралы «Туристік Қамқор» Корпоративтік Қорының маманы Жантілес Қаракөз тікелей байланыс арқылы Астана қаласынан түсіндірме жүргізді.
Сонымен қатар, жуырда өткен Дүниежүзілік туризм күніне орай еліміздің туризм саласының дамуына, сондай-ақ аймақтың іскерлік әлеуетін насихаттауға үлес қосып жүрген бірқатар кәсіпкерлер марапатталды.
Естеріңізде болса, алдыңғы посттарда біз Бурабайдың баурайынан Туризм күніне арналған Халықаралық фестивальдан «ARAY_TRAVEL» туристік агенттігінің директоры Перизат Бекназар министрдің қолынан «ТУРИЗМ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ» төсбелгісімен марапатталғанын жазған болатынбыз. Сонымен бірге, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Қуантайұлының Құрмет грамотасымен Арал ауданына қарасты «Айжұлдыз» жол бойы кешені басшысы Берік Жандаулетов және министрдің Алғыс хатымен Кореяның Ұлттық туризм ұйымының өкілі, қоғамдық белсенді Елена Когаймарапатталады.
Жиын барысында Палата жанындағы Сауда, қызмет көрсету және туризм салалық кеңесінің төрайымы мен белсенді мүшелері және шынайы әріптестігі үшін облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының мамандары Палата директорының Алғыс хатымен марапатталды. Барша марапат иелерін шын жүректен құттықтаймыз!