«Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген Мағжан Жұмабаевтың пайымын ой таразысына салар болсақ, мұғалім ұлт ұстаханасы екенін ұғамыз. Сол құрметті қауымның төл мерекесі қарсаңында аудандық мәдениет үйінде «Ұлылықтың басында ұстаз тұрар мәңгілік» атты салтанатты шара өтті.

Қоғамның күнгейі мен көлеңкелі тұсын алсақ та ұстаздың ұлы есімін кір шалмақ емес. Көңілдері шат, жүздері жадыраңқы ұстаздар қауымының мереке қарсаңындағы шуақты шарасы көптеген жанның көңіл сарайын гүлдендірді.

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев салтанатты шараға қатысып, ұстаздарды бүгінгі мерекесімен құттықтады.

– Ұстаз – ұлағатты есім. Кез келген қоғамда және барлық кезеңде ұстаздың ұлы даңқына баға жетпейді. Ұлт болашағы – білімде, сапада, тәрбиеде екенін ескерсек, ұстаз шәкірт бойына осынау құндылықтарды сіңіре білетін тәрбиеші. Білім саласы еш уақытта мемлекет назарынан сырт қалған емес. Біз жылдың қай мезгілінде болсын білім саласына лайықты қолдау білдіріп келеміз. Себебі баланың бүгініне салынған инвестиция ертең еселеп қайтарын өмір тәжірибесі айқындаған. Тәуелсіз ел болашағы – жас ұрпаққа сапалы білім, өнегелі тәрбие берудегі жасампаз еңбектеріңіз әрқашан нәтижелі болып, абыройларыңыз асқақ болсын! – деді Аманжол Сақыпұлы.

Бүгінгі кеште мектепке жан кіргізер жақсы ұстаздар мен тәжірибелі мамандар марапат төріне озды. Аудан ұстаздары бұл жолы облыс, аудан әкімінің Алғысымен, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен, Алғысымен марапатталды. Сондай-ақ Перуза Жарылқапова есімді ұстазымыз Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі «Орта білім беру ісінің үздігі» Құрмет дипломын алса, №73 орта мектептің ардагер ұстазы Қаналы Жеткергенов Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалымен марапатталды.

Мереке қарсаңында ұстаздар қауымына аудан әкімінің ықылас гүлі тарту етіліп, шара одан әрі өнерпаздардың ән-жырына ұласты. Мерекелік кеште өнер көрсеткен барша өнерпаздар көпшіліктің ерекше құрметіне бөленді.

БӨЛІСУ