Ұстаз – келер күннің ұстасы. Ұрпағымыздың ертең қандай адам болып өсетіні – мұғалімдердің бүгінгі еңбегінің жемісі болмақ. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана, шәкірт жанына нұр құя алады», – деген сөзі ұстаздың өң бойындағы ағартушыға тән қасиеттерді жіктеп береді.
Бүгін баспасөз конференциясы алаңына мерекелік көңіл-күй енгізу мақсатында Ұстаздар күні салтанатты шарасы аясында көшпелі брифинг облыстық Өнер орталығында өтті.
Брифингте басқарма басшысының орынбасары Есенбаев Бекжан Шәкизатұлы биылғы оқу жылында аймақтағы барлық білім беру ұйымдарында және мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында ұстаз күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралармен таныстырды.
Мерекелік шаралар легі қыркүйек айының 20 жұлдызынан басталып, «Еңбек адамы» айдарымен әр білім ордасының техникалық қызметкерлерін басқарма басшысының марапаттау кештерімен басталды.
2 қазан күні өңіріміздегі алғашқы 900 орындық «Жайлы мектеп» пен «Оқушылар сарайы» ашылды.
3 қазан күні республикада бір мезгілде «Даналық-ұстаздан» атты челлендж өтіп, білім алушылар ұлы мамандық иелеріне арналған «Ұстазым» әні айтылды.
Сондай-ақ, өңірдегі барлық білім беру ұйымдарында «Педагогтер әулеті» бағыты бойынша ұстаздар династиясы өтуде.
Барлық 297 мектепте «Ұстаздар күні» мерекесіне орай «Өзін-өзі басқару» ұйымының ұйымдастыруымен «Дүблер» күні ұйымдастырылды. Дублер күнінде мектеп президенттері мен оның мүшелері мектеп директорының, орынбасарлар, педагогтердің бір күндік жұмысын атқарды.
Бастауыш сынып оқушылары «Менің сүйікті ұстазымның портреті» тақырыбында сурет көрмесін, Қармақшы ауданындағы педагогтер арасында «IQ-doda» интелектуалдық сайысы, «Ұстаз-ұлы тұлға» ашық тәрбие сағаттары, «Ұстаздық-ұлық емес, ұлы қызмет», «Ұстаз деген-жарық күні ғаламның», «Қалдырған ізің мәңгілік» тақырыптарында ардагер ұстаздармен кездесу кештері, «Ұстаз еңбегі өлшеусіз» эссе, «Ұстаз туралы сөз» тақырыбында оқушылар арасында ақындар мүшайралары өтті.
Жалпы мемлекеттік, жеке білім беру ұйымдарында барлығы 420 шара, оған 29650 білім алушы қатысты.
Ұстаздар күніне арналған қорытынды кеш бүгін «Ұстазым-Ұлағатым» атты мерекелік салтанатқа ұласады.