Бүгін Арал аудандық мәдениет орталығының ұйымдастыруымен жыраулар күніне орай «Моншақ жыр, мөлдір өлең, сал домбыра!» атты жыр кеші өтті.
«Жыраулық өнер – киелі өнер» дейді дана халқымыз. Қай халықтың болсын өсіп-өркендеуі оның келешегі мен ұлттық тұрғыда дамуы үшін мәдениеттің атқарар рөлі зор. Ерте заманның екпінді естеліктерінен бастау алып, ғасырлар қойнауынан уақыт тезіне жеткен ұлттық мұраның бірі – жыршылық өнер десек, оны дәріптеу бүгінгі ұрпақтың басты мұраты.
Көпке ерекше көңіл-күй сыйлаған жыр кеші күйші-композитор, Арал ауданының құрметті азаматы М.Сыдықовтың «Жырау жігіт» әнімен шымылдық түрді.
Мұнан соң ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісінің иегері, республикаға белгілі жырау, айтыскер ақын Айдос Рахметов жыр кешінде өзінің арнау өлеңін ұсынды.
Рухани кешке жиылған қауым дәстүрлі өнердің жанашырлары жыршы-жыраулардың есіміне қанық болды. Олардың қатарында Айдынды Аралдың төл перзенті, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, белгілі жырау Демеубай Жолымбетов, ҚР Мәдениет саласының үздігі төсбелгісінің иегері, Құрмет орденінің иегері, жыршы Шолпан Бимбетова, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, жырау Айбек Тәңірбергенов, Дәріқұл жыраудың немересі, жыршы Ғанибек Өмірзақов, жырау Рысбек Әшімовтің шәкірті, республикалық байқаулардың жүлдегері, жыршы-термеші Серікқали Жұбаниязов, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы, жыршы-термеші Гүлжамал Бейсова, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы, жыршы-термеші Айнұр Сүйеуова және «Жақсан жырау» үйірмесінің жетекшісі, жыршы-термеші Асқар Жоламанов сынды жампоз өнердің жүйріктері бар.
Сондай-ақ жыр кешінде Сыр өңіріне белгілі жыршы Нұрмағанбет Қосжанұлының өмір жолы туралы қысқаша мәлімет айтылып, оның «Сартай батыр» дастаны бір топ жыршылардың орындауымен көпшілік назарына ұсынылды.
Кеш барысында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегері, жыршы Күнсұлу Түрікпен де сахна төрінен табылып, жұртшылықтың құрметіне бөленді.
Дәстүрлі өнердің тарихынан сыр шертіп, өткеніне өнегелі тағылым беретін арда өнерді ұлықтаған жыр сүйер қауым бұл кеште рухани демалып, моншақ жырлармен сусындады.