«Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деп өсиет еткен қазақ қашанда қарттарын қадірлеп өскен ұлт. Бүгінде әр шаңырақта ақылын айтып, тәлімді тәрбиесін беріп, ұлағатты ұғымдарды сіңіріп, шүпірлеген немере-шөберелерінің ортасында марқайып отырған ата-әжелерімізді көрудің өзі бір ғанибет.
Расында, ардагерлер – еліміздің алтын қоры. Тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы біз үшін аса құнды. Сондықтан xалқымыз ертеден-ақ үлкенге құрмет көрсетуді өсиет етіп, ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа, үйлесімге ерекше мән берген. «Ұстаздар ұстаханасы» атанған білім ордасының ардагер-ұстаздары Желдербаева Сәнімкүл, Балмағамбетова Ұлтай, Сермағамбетова Несіп, Қойшыбаева Аманкүл Қойшыбайқызын колледж директоры Жақсыгүл Қоханқызы мерекелерімен арнайы құттықтап, сый-сияпаттарын табыстады.
Білім шаңырағында ұзақ уақыт бойы колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарған Аманкүл Қойшыбаеваға Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатын табыстады. Колледж ұстаздарының ән-шашуы ардагер ұстаздардың көңілдерін серпілтіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ыстық ықыласқа бөленген ардагер ұстаздар атынан «Сыр елінің Сән-апасы» атанған, бүгінде 92 жасты алқымдаған ұлағатты ұстаз Сәнімкүл апамыз ұжымына деген ақ батасын беріп, ризашылығын білдірді.
Біз қай кезде болсын ардагерлерімізді ардақ тұтамыз, оларды құрметтеп, ұлағатты ұстаздардың даңқты жолынан үлгі алуды өзіміздің перзенттік парызымыз деп білеміз. Сіздерді мерейлі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр, отбастарыңызға бақ-береке, ырыс-несібе тілейміз! Қазыналы қарттарымыздың қатары ортаймасын! Баршаңызға бүгінгі мейірім мен ізгілік мерекесі құтты болсын!

БӨЛІСУ