Қызылорда қаласының Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі мен облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының «Адал азамат қасиеттерін қалыптастыру» және «Бейбіт Атом: әлемдік өркениеттің даму факторының басым бағыты» тақырыптарында бірлескен кездесуі болып өтті.

Кездесуді облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ерманов Нұрмұрат Наятұлы жүргізді.
​Кездесу басында ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы сөз болды. Облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Н. Ерманов Жолдауда көрсетілген мәселелерді саралап, жиынға келген қонақтармен пікір алмасты.
Кеңес төрағасы Н. Ерманов жаңа қоғамдық-саяси мәдениет, экологиялық тәуекел мен қауіпсіздік, сондай-ақ Атом электр стансасын салу туралы жалпыұлттық референдум және ел экономикасын жасайтын еңбек адамдары туралы кеңінен сөз қозғады.
​Облыстық Ақсақалдар кеңесінің мүшелері Ә. Хұсейін, Б. Ұзақбаев және ішкі істер органдарының ардагерлері Т. Рысқұлов, Б. Сартаев, Ә. Алменов пен мамандандырылған күзет қызметі басқарамасы басшысының орынбасары Дастан Кенбай күн тәртібі шеңберінде адал азамат болып қалыптасудың негізгі шарттарын айтып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
​Іс-шарада қоғамда қиын мәселеге айналып отырған лудомания, нашақорлық, вандализм сияқты көріністермен бірлесіп күресу мәселесі талқыланды.
Кездесу соңында “Қоғамдық келісім” КММ директорының міндетін атқарушы Дәулет Омаров 2023 жылдан бері Ақсақалдар кеңесінің әлеуметтік мәселелер бойынша атқарған жұмыстарына тоқталып, Ішкі істер органдарының ардагерлеріне Алғыс хат берді.
Өз кезегінде, Мамандандырылған күзет қызметі басқарамасы басшысының орынбасары Дастан Кенбай Ақсақалдар кеңесінің белсенді ардагерлеріне жылы лебізін білдіріп, 1 қазан – қарттар күні аясында Алғыс хат табыстады.

БӨЛІСУ