Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен медиация мәселелері бойынша ғылыми жобалар байқауы өтті.

Байқаудың мақсаты – облыста медиация институтын насихаттау, соттан тыс татуласу шараларының оңтайлы тұстарын халыққа жеткізу, елдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту болып табылады.
Байқауға 18-27 қыркүйек аралығында Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен барлық аудан орталықтарында 60-қа жуық жоба ұсынылды. Әділ қазылар құрамында «Бітім» медиация орталығының директоры, кәсіби медиатор Жанна Мирамбекқызы, “Қоғамдық келісім” КММ сарапшысы Бауыржан Үсенбаев, № 145 «Бірқазан» орта мектебінің мұғалімі, кәсіби медиатор Қарлығаш Алтаева болды.
Байқаудың алғы сөзінде “Қоғамдық келісім” КММ директорының міндетін атқарушы Дәулет Омаров қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айта кететіні, барлық қатысушылар жоғары дайындықпен келген. Олар медиация институттарын насихаттау жолдары, мектеп жасындағы жастар арасында қақтығыстар мен кикілжіңдерді болдырмау, алдын-алу, оңтайлы шешу мәселелері бағытындағы тиімді ұсыныстарын жеткізді. Арнайы макеттер мен бейнероликтер әзірлеп, ғылыми жобаларын белсенділікпен қорғады.
Нәтижесінде әділ қазылардың шешімі бойынша өңірдегі медиацияны дамыту, насихаттау мақсатында байқауға белсене қатысып, жоғары нәтиже көрсеткені үшін 1 орынды – Арал ауданы, № 67 орта мектебінің 11 сынып оқушысы Диана Жөкенова, 2 орынды – Шиелі ауданы, №149 орта мектептің 11 сынып оқушысы Еңлік Қаржаубай, 3 орынды – Қызылорда қаласы, Ә. Мүслімов атындағы №101 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Гаухар Алматқызы иеленді.
Барлық қатысушыларға және жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен арнайы Алғыс хаттар табысталды.

БӨЛІСУ