Автокөліктерге арналған газ құю бекеттерінде тұрмыстық газ баллондарға газ құюға тыйым салынады. Сондай-ақ, көпқабатты тұрғын үй-жайларда тұрмыстық газ баллондарын сақтауға және пайдалануға жол берілмейді. Қызылорда қаласы төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаев бүгінгі брифингте қауіпсіздік шаралары туралы ақпарат берді.

«Ең алдымен, газ құю бекеттері қауіпсіздік шарасын қатаң сақтауы қажет. Өйткені газ қондырғыларын дұрыс пайдаланбау төтенше жағдайдың орын алуына әкеледі. Бұл ретте, тұрмыстық газ баллондарына рұқсаты бар газ толтыру бекеттері мен станцияларында газ құюға және газ толтыруға болады», – деді Ғабит Әбдінәбиұлы.

Бүгінде қалалық төтенше жағдайлар басқармасы тарапынан тұрғын үй секторында өрттің болуына жол бермеу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

Қала тұрғындарын төтенше жағдайлардың алдын алу және болдырмау мақсатында өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Төтенше жағдайға әкеп соғуы мүмкін кез келген күдік туындаса, 101, 104 немесе 112 шұғыл қызметтердің телефондары арқылы хабарлау қажет.

БӨЛІСУ