Қызылордалық қыз-келіншектерге рухани-адамгершілік тәрбие беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді көздеген «Анаға тағзым» орталығына – 1 жыл. Айтулы күнге орай, орталықта «Белесі биік 1 жыл» атты салтанатты шара өтіп, атқарылған жұмыстарға есеп берілді.

​Мерекелік жиында облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов сөз сөйлеп, «Анаға тағзым» ұжымына аймақ басшысының құттықтауын табыстады.
Халықаралық V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тоғызқұмалақтан чемпион атанған қызылордалық Б.Бостандықовтың анасына орталықтың алғашқы бренд өнімі «Өмір иірімдері» тұмарын тарту етті.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, әрбір үйде тоқшылық, молшылық болсын деген ізгі ниетпен тұмардың өрнектері бидай пішінді, өте берік, қалың кендір жіптен екі тіндеп тоқылған. Төменгі тұсында бес моншақпен жалғасатын күміс қоңыраулы төрт шашақ бар. Әр шаңырақтың төрт құбыласы тең , жұлдызы жарық , бағы бес елі болсын деген аналардың ақ тілеуінен туған эксклюзивті әрі креативті төл өнім.
​ Салтанатты шарада «Әлди-Ана» республикалық онлайн байқауының жеңімпаздары марапатталды. Әуені құлаққа жағымды, сөзі баланың санасына ұлттық тәрбиені сіңіретін бесік жырының жаңа нұсқаларын көпшілікке ұсыну, насихаттау мақсатын көздеген жоба 1 ай көлемінде жүргізілді. Байқау қорытындысы бойынша, Сағынғали Сейітовтің сөзіне жазылған Талғат Нағашыбаевтың «Ана әлдиі» туындысы бас жүлдеге лайық деп танылды. Жиында жас әнші Аягөз Райбекова үздік туындыны алғаш рет үлкен сахнада орындап, жаңа бесік жырының тұсауы кесілді.

Толықтай цифрлық кеңістікте туған альфа ұрпақтың болашағына алаңдаушылық һәм жауапкершілік орталықта «Даму LIFT», «Creative urban tour», «Ойтөбе» отбасылық зияткерлік квест ойыны секілді бірқатар жобаларды жүзеге асыруға ықпал етті. Бұл бастамалар смартфонды серік еткен жасөспірімдерге ой еңбегі мен қол еңбегін ұштастыра отырып, рухани-адамгершілік тәрбие беруді көздеді. Сондай-ақ, өскелең ұрпақ игілігіне бағытталған «Бір шәугім шай», «Апа TIME», «Тілге тиек», «Bir tolqynda», «Soul құрбым» секілді бірқатар төл бейнеөнімдер де тұрақты түрде ақпараттық кеңістікте насихатталуда.
​Жалпы, бір жылда орталықта 25 000-ға жуық адамға қызмет көрсетіліп, сырбойылық қыз-келіншектерге рухани-адамгершілік тәрбие беруге бағытталған пайдалы парасаттылық дәрістері мен тегін шеберлік сағаттары өткізілді, психологиялық кеңестер берілді. Орталық жанынан «Креатив хабы» құрылып, «Брендке бір қадам…» сауда-көрмесі арқылы аймақтың 20-ға жуық креативті индустрия өкілі 2 айдың ішінде 10 млн-нан аса теңгеге өз өнімдерін сатуға мүмкіндік жасалды.
​Ұлтымыздың өміршең өнегесін өшірмеуді мақсат тұтқан «Анаға тағзым» орталығының тәлім-тәрбиелік мәні зор байыпты бастамалары алдағы уақытта да жарасымды жалғасын таба бермек.

БӨЛІСУ