Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде қарттар күніне орай білім басқармасы мен облыстық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен «Ұстазым – ұлағатым, үлгі-өнегем!» атты аймақтағы білім саласы ардагерлеріне арналған мерекелік салтанат өтті.

Шарада басқарма басшысы Есжанов Асқарбек Темірбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, сала ардагерлерін марапаттады.

«Алдыңғы буын аға-апаларымызға, ерен еңбек үлгісін көрсетіп кеткен ардагерлерімізге осы бір қайырымдылық пен даналық көрінісі іспетті жарқын мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздер кейінгі ұрпақты ізгілік пен мейірбандылыққа, Отанымызға адал қызмет етуге, айналадағы адамдардың өмірге, қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастыруға үйретіп келесіздер. Егемен еліміздің жарқын болашағына сеніммен қарауды, жақсы күндерді еселі еңбегімізбен жақындатуды біз сіздерден үйреніп келеміз. Бүгін біз қарттарымызға құрмет көрсетіп, құттықтаумен бірге, ардагерлерімізге жан-жақты қолдау мен ыстық ықыласқа толы алғыс сезімін білдіреміз, яғни олар өздеріне деген шынайы қамқорлықты сезінуі қажет. Қазақ халқының ұлттық болмысының жарқын белгісі қашанда үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсету десек, бұл игі дәстүр әрқашан жалғасын таба береді!» – деді құттықтау сөзінде басқарма басшысы.

Сан жылдар ұрпақты білім нәрімен сусындатып, бүгінде зейнет жасында зор құрметке бөленіп отырған ардагер ұстаздарға «Еңбек ардагері» төсбелгілері, Қазақстан республикасы Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хаттары, зейнеткерлікке шыққан басшылар мен қарттарға мерейтойлық құттықтаулар табысталды.

Мерекелік салтанат соңы концерттік бағдарламаға ұласып, ардагер-ұстаз Баязитов Ибрагим ақсақалдың батасымен қорытындыланды.

БӨЛІСУ