1 қазан – қарттар күні мерекесі қарсаңында аудан әкімі А.Оңғарбаев Арал қаласында тұратын бірнеше қарттардың шаңғырағына барып, қазына кеуде қарияларға лебізін білдіріп, аймақ басшысының арнайы құттықтауын жеткізді.
Аудан басшысы А.Оңғарбаев алдымен қаладағы Р.Компашев көшесі №18 үйдің тұрғыны 92 жастағы Балқаш Аймағамбетова әжейдің шаңырағына бас сұғып, кейуананы мерекесімен құттықтады.
Аудан дамуы жолында түрлі салада қызмет атқарып, зейнеттің зерлі шапанын иығына жапқан қарт қазынаның бүгінде денсаулығы жақсы. Ғасырға жуық ғұмыр иесі әлі күнге еркін жүріп-тұрады. Ақылман қария, бүгінгі буынға үлгі болатын қазына кеуде жандар қатарында. Б.Аймағамбетова еңбек жолында неке қию бөлімінде, құжаттармен айналысатын мекемеде және Сбер кассада есепші сынды қызметтер атқарған.
Аудан басшысы Аманжол Сақыпұлы кейуананың иығына шапан-жаулық жауып, сый-құрмет көрсетті.
Мұнан соң ауданның абыз ақсақалына айналған жазушы-журналист, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шәкірат Дәрмағамбетовтың шаңырағына барды.
Әлі күнге қолынан қаламы түспеген, жазушылықты жаны сүйетін қарт қазына бүгінде 96 жастың төріне шықты. Ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын жан-жақты саралап, жаңалықтарға құлақ түре жүретін қарт жазушының шаңырағындағы бір бөлме шығармашылықтың алтын руханиятына айналғалы қашан.
Аудан басшысы ғасырға иек артқан абыз кеуде ақсақалды мерекемен құттықтап, арнайы сый-құрмет жасады. Елдің амандығына ұдайы тілекші болып, жақсылық істерге ниеттес жан Ш.Дәрмағамбетұлы арнайы келген азаматтарға ақ батасын берді.
Сосын аудан әкімі А.Оңғарбаев ҚР транспортына еңбегі сіңген қызметкері, СССР рационализаторы, «Еңбек ардагері», Арал ауданының құрметті азаматы Қайрулла Абылаевтың шаңырағына барды.
Сонау 1972 жылдан зейнет демалысына шыққанша Арал кеме жөндеу зауытының бас инженері, зауыт басшысы сынды қызметтерді абыроймен атқарған қария бүгінде 87 жасқа аяқ басқан. Еңбек жолын 1961 жылы Қарағанды қаласындағы мотор жөндеу зауытында шебер болып бастаған. Мұнан соң бас механик, шебер, цех бастығы, құрылысшы прораб, инженер сынды жұмыстарды атқарған. 1996 жылы зейнеткерлікке шыққан қария бүгінде берекелі әулеттің алып бәйтерегіне айналып отыр.
Аудан әкімі ақылдың кенін қазған, қазына кеуде ақсақалдың деніне саулық тілеп, аймақ басшысының арнайы құттықтау сәлемін жеткізді.
Өмірлік тәжірибелері мол, парасатты пікірлердің иелері қарияларымыздың өсиет-өнегелері жас буынға қашанда керек. Қазына кеуде қарттарға көрсетілетін құрмет мұнымен шектеліп қалмақ емес.