Бүгін Шиелі ауданында 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай, мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті.

Салтанатты шарада аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы сөз сөйлеп, аудан ардагерлерін мерейлі мерекемен құттықтады. Әрі аға буынның ел дамуы жолындағы еселі еңбегі үлкен екенін атап өтті.

– Елді бірлік пен адал еңбекке жетелеп, жас ұрпаққа батасымен жол ашқан, жақсыға тілектес, абыз ақсақал мен ақ жаулықты ана атанған баршаңызды бүгінгі Қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Халықтың бірлігі, ел қазынасын еселеу, әлеуметтік – экономикалық даму бағытындағы жұмыстар Мемлекет басшысының белгілеп берген нақты міндеттері аясында жүзеге асырылуда.

Күні кеше, аймақ басшысының тікелей бастамасымен облысымыздың түкпір-түкпірінен 100-ден астам қариялар мен зиялы қауым өкілдері бас қаламызға шақыртылып, қайта жаңғыртудан өткен Орталық алаң, Теміржол вокзалы, «Қорқыт Ата» әуежайы жаңа терминалы, «Анаға тағзым», Өнер орталықтарының жұмысымен танысып, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды көзбен көрді. Сондай-ақ, сол жағалаудан бой көтерген 900 орындық «Жайлы мектептің», «Оқушылар сарайы» мен «Үстел теннисі»» орталығының және 470 пәтерлі 10 тұрғын үйдің тұсау кесер рәсіміне шақыртылып, қариялардың төл мерекесіне тамаша тарту жасалынды. Мұның барлығы, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының ақсақалдарымыз аймақта атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көріп, көңілге түйсе, ел халыққа айта жүрсе деген ниетінен туындаса керек.

Бүгінде ардагерлерімізді біріктіретін аудандық, ауылдық ардагерлер кеңестері де – нәтижелі жемісті жұмыстар атқарып келеді.
Қазіргі таңда аудан бойынша 9 295 ардагер болса, оның ішінде ортамызда Еңбегімен еленген 204 тыл, түрлі санаттағы 150-ден астам ардагерлер бар. Оларға Мемлекет тарапынан Жеңіс күні қарсаңында 56 млн теңге көлеміндегі біржолғы жәрдемақы тағайындалды. Бұдан бөлек, 35 ардагер киелі Түркістан қаласына саяхатқа жіберілсе, Жамбыл облысындағы «Мерке» шипажайына аудан ардагерлері демалып қайтты.

«Ұрпақ үшін, ел үшін, атамекен жер үшін» аянбаған осындай қарияларымызға құрмет көрсету мүмкіндігі туған Біз нағыз бақытты жандармыз. Сіздерге, ел үшін еткен еңбектеріңіз бен ауданда атқарылып жатқан әрбір істерге жасаған қолдауларыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді Айтбай Насриддинұлы.

Салтанатты жиын ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар ардагерлер марапатталып, естелік сыйлықтар тарту етілді. Ардагерлердің құрметіне ән айтылып, күй күмбірі әуелеп, қазыналы қарттарымыз көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

БӨЛІСУ