АЭС салуды қолдау жөніндегі аймақтық және қалалық Халықтық штаб мүшелері қалалық кітапханалар желісіне қарасты «Пушкин» атындағы кітапхана ұжымымен кездесті.

Басқосуда атом энергетикасының тиімділі мен пайдасы жайлы пікір алмасу болды.

Аймақтық Халықтық штаб мүшесі Асылбек Теңелұлы: Атом станциясы сөзсіз қажет. Оның құрысының өзі 5-10 жылға созылады. Оған дейін еліміздегі энергия тапшылығы айтарлықтай өсуі мүмкін. Әлбетте, біз атом энергетикасын зерттеген сала мамандары емеспіз. Дегенмен, аталған саланың құрылысын жан-жақты ізденіп, ғалымдардың пікіріне сүйеніп, сараптама жасап, осындай байламға келіп отырмыз. Өздеріңіз байқасаңыздар, атом станциясы әлемнің көптеген елдерінде бар. Сондықтан, келешек ұрпақты энергетикалық тұрғыда тәуелсіз қылу үшін «жасыл» энергияны қолдауымыз қажет,-деді.

Кітапханашылар әрқашан ғылыми ізденіс үстінде жүретін, ағартушылық, мәдениет саласында еңбектері елеулі қызметкерлер. Олар да аталған салаға байланысты ғылыми кітаптар мен зерттеу жұмыстарына зер салған. Кездесуде кітапханашылар атом энергетикасының қоғамға керектігі турасында пікірін білдірді.

Жиында қалалық Халықтық штаб мүшесі Айгүл Нажмадинқызы: Атом энергетикасы қатысты мәселелерді, жаңалықтарды онсыз да күнделікті БАҚ беттерінен қарап отырған боларсыздар. Оның маңыздылығын да жіті түсінгендеріңіз анық. Қазірде еліміздің оңтүстік өңірлерінде электр тапшылығы орын алуда. Соның салдарынан жыл сайын көрші Ресей мемлекетінен 100 млрд. теңгеге электр қуатын сатып алып отырмыз. Өз қажеттіліктерімізді жабу үшін атом энергияның артықшылығын пайдалануымыз қажет,-деді.

Кездесу соңында қалалық Халықтық штаб мүшесі Гүлшат Исақызы атом энергетикасының көрші елдерде іске асырып жатқандығын, аталған саланың ел әлеуетіне берер оң әсері мен келешек үшін тиімділігін түсіндіріп, кітапханашыларды «Жасыл» энергияны қолдауға шақырды.

Сала қызметкерлері Мемлекет басшысының бастамасын бір ауыздан қолдайтынын жеткізді.

БӨЛІСУ