АЭС салуды қолдау жөніндегі аймақтық және қалалық Халықтық штаб мүшелері «Q-med» клиникасында ЭКСПРОМТ-кездесу өткізді.

Денсаулық сақтау саласында өзіндік сапасымен, заманауи медициналық құрылғылары және білікті мамандары арқылы тұрғындарға қызмет етіп келетін емханада бүгінде 100-ден аса қызметкер жұмыс істейді.

Басқосуда штаб мүшесі Пірмұхамед Сыздықов: Атом энергетикасы біздің елге сөзсіз қажет. Себебі, бүгінде энергия тапшылығы салдарынан біз көрші мемлекеттерге тәуелді болып отырмыз.
Атом станциясы салынған күннің өзінде біз өз қажеттіліктерімізді толық өтей алмаймыз. Станция тек 12 пайыз қажеттілігімізді қамтиды. Сондықтан, станциялар, реакторлар санын арттыру арқылы бейбіт уранды байыту көмегімен біз бұл тығырақтан шығамыз.

Өздеріңізге белгілі дамыған мемлекеттердің көпшілігінде ондаған атом ректорлары жұмыс істейді. Олардың қызметін халықаралық «МАГАТЭ» ұйымы қалтқысыз бақылап отырады. Көпшілік атом энергиясынан бөлек күн мен желден алатын энергияны да дамытуды ұсынуда. Бірақ, оның барлығы тұрақсыз екенін атап өту қажет.

Ал атом станциясы салынар болса 8000 уақытша жұмыс орны, салынғаннан кейін 2000 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бұл арқылы елдің әлеуеті артып, қалтаға қонымды электр тарифі қалыптасары анық,-деді.

Жаңа даму дәуіріне қадам басудың алғышартының бірі – «Жасыл энергияны» қолдау. Келешек ұрпаққа қолайлы жағдай жасау мәселесіне тоқталған штаб мүшесі Алтын Итенқызы: «Бүгінде электр қуатын тұтыну көлемі артып келеді. Сондықтан, болашағын ойлаған елдер атом станциясының құрылысын бастап кетті. Оның ішінде көрші Моңғолия, Өзбекстан секілді мемлекеттер бар. Әрине, әр адамның өзіндік пікірі бар. Дегенмен, бүгінгі күннің миссиясы – атом энергиясын дамыту»,-деді.

Жиында медицина саласының ұжымы атом энергетикасы турасында пікірлерін білдіріп, қолдайтынын жеткізді.

БӨЛІСУ