Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен су тасқынына қарсы шаралар, су тасқыны салдарын жою және оның алдын алу мәселесі бойынша мәжіліс өтті. Жиынға тиісті басқарма басшылары, аудан, ауыл әкімдері онлайн байланыс арқылы қосылды.

«Облыс аумағында 2023-2024 жылдары қыс-көктем мезгілінде су тасқынының алдын алудың кешенді шаралары ұйымдастырылды. Нәтижесінде оқыс оқиғалар мен қауіпті жағдай болған жоқ» деген аймақ басшысы дегенмен апат айтып келмейтінін жеткізіп, алдын алу бағытындағы шараларды тиімді ұйымдастыруды, жүйелі жұмыстарды жүзеге асыруды тапсырды.

Мұнан кейін аудан әкімі Ардақ Ибраимов арнайы жиын өткізіп, жауапты басшыларға бірқатар тапсырма берді.

«Өздеріңізге белгілі, биыл көктемгі су тасқынынан еліміздің бірқатар аймақтарында төтенше жағдай жарияланды. Тұрғын үйлер, кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандар су астында қалып, елді мекендер арасындағы автокөлік жолдары жабылды.

Осы бағытта Үкімет тарапынан қажетті шаралар қабылданып, су басқан аймақтарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Өз кезегінде облыс бойынша су тасқынын болдырмау мақсатында қауіпті учаскелерді нығайтуға бюджеттен тиісті қаражаттар бөлінуде.

Оның ішінде, Жалағаш ауданындағы М.Шәменов ауылы маныңдағы Сырдария өзенінің оң жағалауындағы «Самит арна – Шөмен қайыры» учаскесі аралығындағы қорғаныс бөгетін (3855 метр, 15982 м3) күшейту-нығайту жұмыстарын атқаруға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде» деді аудан басшысы.

Сонымен бірге, Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасымен бірлесіп, жоспарланған жұмыстардың сапалы атқарылып, төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюға арналған техникалар мен адамдарды осы кезден пысықтап, дайын болу қажеттігін ескертті.

Аудан әкімі Ардақ Әбдіғаппарұлы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Еркін Есетұлына аудан көлемінде су тасқынының алдын алу мақсатында авариялық-құтқару қызметтері мен күш-құралдарының дайындығы үнемі әзірлікте болуын, «Жалағашсушар» өндірістік учаскесінің басшысы Асқар Жанасұлына Сырдария өзенінің бойындағы қауіпті учаскелерге үнемі мониторинг жүргізіп, қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Жалағаш кенті, Ақсу, М.Шәменов, Таң, Қаракеткен ауылдық округінің әкімдеріне Сырдария өзені бойындағы қорғаныс бөгеттерінің жағдайын үнемі бақылауда ұстау, Жалағаш кенті және ауылдық округі әкімдеріне елді мекендердегі тұрғындарды құлақтандыру үшін орнатылған сиреналардың қалыпты жұмыс жасауын қамтамасыз ету жүктелді.

Аудандық қоғамдық даму бөлімі аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп, Сырдария өзенінде қалыптасқан ахуал жөніндегі ақпараттарды және сақтық шаралары жөніндегі үгіт-насихат жаднамаларын бұқаралық-ақпарат құралдарында тұрақты жариялауды қамтамасыз етуі қажет.

БӨЛІСУ