Еңбек күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақтағы коммуналдық мекемелерге 52 жаңа арнайы техниканың кілтін табыстады. Іс-шараға Парламент депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев қатысты.
Аймақ басшысы сала еңбеккерлерін құттықтап, игі тілегін жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ел мүддесі – бәрінен биік. Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Еңбек адамдары – еліміз бен мемлекетіміздің тірегі» деген болатын.
2013 жылғы қарашада Президентіміздің Жарлығымен қыркүйектің соңғы жексенбісі Еңбек күні болып бекітілді. Бұл – жасампаз ісімен, маңдай терімен ел дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген сіздерге деген құрметтің белгісі. Сыр өңірі қандай жетістікке жетсе де, қандай биіктен көрінсе де, өздеріңіз секілді еңбексүйгіш азаматтарымыздың еңбегінің жемісі деуге әбден болады.
Коммуналдық сала еңбеккерлерінің халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру үшін бүгін облыстық бюджеттен 2 млрд. теңгеге сатып алынған 5 арнайы техниканы «Қызылорда су жүйесі», 23 көлікті «Жасыл Қызылорда», 24 көлікті «Қызылорда тазалығы» мекемелеріне табыстаудамыз. Тұрғындардың таза, қолайлы ортада өмір сүріп, сапалы қызмет алуын жақсарту өте маңызды. Жаңа техникалар жұртшылықтың игілігі үшін қызмет етеді», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Айта кетейік, күні кеше жылу-электр орталығына 9 жаңа заманауи арнайы техника кілті табысталды. Барлық автокөлік халықаралық және ұлттық стандарттарға сәйкес жан-жақты тексеруден өткізілген, арнайы сұраныспен жергілікті жердің климаттық жағдайына бейімделіп дайындалған.
Іс-шарада Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов жерлестерін құттықтады. Сондай-ақ, коммуналдық салада еңбек ететін азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, соңғы жылдары өңірде барлық саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық берілуде. Қоғамдық көліктің мәселесін түбегейлі шешу үшін 300, мектеп оқушыларына 30 автобус, денсаулық сақтау саласына 70 жедел жәрдем көлігі, орманшыларға 95 арнайы техника, ветеринария саласының мамандарына 59, құқық қорғау органдарына 92 қызметтік автокөлік алынды.
Коммуналдық салаға да жан-жақты қолдау көсетілуде. «Қызылорда тазалығы», КРЭК, «Қызылорда су жүйесі» мекемелеріне 42 арнайы техника табысталып, тұрғындар игілігі үшін қызмет етуде. Мұнан бөлек, «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының жеңімпаздарына күнделікті ел тұрмысына қажетті, заманауи үлгідегі 48 арнайы техника берілді.
Биыл облыс тұрғындарының сұранысына сәйкес өңірдің барлық елді мекеніндегі денсаулық сақтау мекемелеріне 200 санитарлық автокөлік алынуда. Оның 126-сы қолданыста, қалған 74-і жақын күндері табысталады.