Қазалы қаласының тұрғындары еліміздегі АЭС салу мәселесін талқылау мақсатында Халықтық штаб мүшелерімен кездесті. Оған АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев және облыстық, аудандық Халықтық штаб мүшелері қатысты.
Кездесуде штаб мүшесі Мұрат Нәлқожаұлы атом электр станицясы еліміздің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды шешім екендігін атап өтті. Оның пікірінше, егер еліміз қуатты электр көзімен қамтамасыз етілмесе, дамудың жоғары деңгейіне жете алмаймыз.
«Елде энергияны тұтыну көлемі артпаса, кеміген емес. Ресми деректерге сәйкес тұтынудың жылдық өсімі 3%-ды құрайды. Осы секілді мәселелерді шешуге, жалпы ел экономикасын өркендету мен жаңа өндірістер және жаңа кәсіпорындарды іске қосу үшін бізге тұрақты қуат қажет. Сондықтан, АЭС-ті салу – еліміздің дамуы үшін маңызды қадам, қоршаған орта үшін таза әрі тиімді энергия көзі деп толық айта аламыз. Осындай заман талабына сай батыл шешімдерді қабылдаудың нәтижесінде біз жетістікке жетеміз», – деді Халықтық штаб мүшесі.
Сондай-ақ Халықтың штаб мүшесі қоғамда талқыланып жатқан АЭС-тің қауіпсіздік мәселесіне де тоқталды. Өз сөзінде қауіпсіздіктің барлық талаптарына жауап беретін III немесе III+ жаңа буын атом электр станцияларын салу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын алға тартты.
Ал кездесуге жиналған тұрғындар болашақ ұрпақ үшін аса қажет бастама екенін айтып, алдағы референдумға қатысуға дайын екендіктерін жеткізді.