Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжілісте Алматы қаласындағы Қызылорда облысының өнер күндерін жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізуге атсалысқан өнерпаздарға, мәдениет саласының қызметкерлеріне алғыс білдірді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни, руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн», – деген болатын.

Мәдениеттің мәртебесін көтеріп, өнерін құрметтеген ұлттың өресі биіктей бермек. Өткен жылы елордада Астана қаласының 25 жылдығына орай Қызылорда облысының өнер күндері жоғары деңгейде өткізілді. Халықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне ие болған дәл осындай өнер күндері Алматы қаласында да ұйымдастырылды. Ән-жырдың туын желбіреткен сырбойылық өнер майталмандары таланты мен талғамын, кәсіби деңгейінің биіктігін, еліміздің басты сахналарының біріндегі концертке тыңғылықты дайындықпен барғанын дәлелдеді. Мың жылдық тарихы бар, мың бояулы мәдени астанамыз Алматыдағы мерекені өткізуге атсалысқан барша ұйымдастырушыларға, өнерпаздарға, театр әртістеріне, мәдениет саласы қызметкерлеріне, мекеме басшыларына және қала, аудан әкімдіктеріне Сыр жұртшылығының және өз атымнан зор ризашылығымды білдіремін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Іс-шарада өнер күндерін шебер ұйымдастырып, әсерлі әрі көңілді етіп өткізген қызметкерлерге облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Айта кетейік, «Сұлу Сырдан – ару Алматыға» атты Республика сарайында өткен гала-концертке мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстанның Еңбек Ерлері, мәдениет және өнер қайраткерлері, елімізге белгілі ақындар мен жазушылар, Алматы қаласы, Алматы облысы әкімдігінің өкілдері арнайы қатысты.

Айтулы іс-шара аясында «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге Сыр өңірінің тарихын баяндайтын археологиялық және этнографиялық экспонаттар – «Шірік-Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы», «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкциялары және Қорқыт ата, Марал ишан мұралары, зергерлік бұйымдар коллекциялары қойылды. С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы қорындағы майлы бояумен салынған өлкенің табиғаты, тарихи және жаңадан бой көтерген ғимараттары бейнеленген картиналар келушілер назарына ұсынылды.

Алматылық көрермен Сыр өнерпаздарына ыстық ықыласы мен қошеметін көрсетті.

Алатау баурайындағы ару қаладағы өнер күндері Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің «Жыр – қазына, күй – күмбез» атты концертімен қорытындыланды.

БӨЛІСУ