Бүгін аймақтық Халықтық штаб төрағасы Алмасбек Есмаханов Тереңөзек кенті мәдениет үйінде АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық халықтық штаб мүшелері Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбеновпен бірге білім саласы өкілдерімен жүздесті. Еркін форматта өткен жиында Президент Жолдауынан туындайтын міндеттер, АЭС мәселесі жан-жақты талқыланды.
«Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі»,- деп бекер айтылмаған. Қоғамның мәдениетті де, білімді болуы да білім саласы мамандарымен тығыз байланысты.
Жиында республикалық Халықтық штаб мүшесі Мұрат Абдуламитұлы сөз алып, Қазақстан энергетика секторын трансформациялаудың маңызды кезеңінде тұрғанын, энергетикалық кешенді дамыту бағытын таңдау мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуына айтарлықтай әсер ететінін атап өтті.
«Орташа алғанда, атом электр станциясын пайдалану кезеңінде жоғары және орта арнаулы білімі бар шамамен 2000 адамнан тұратын қызметкер қажет. Осы мақсатта болашақта атом энергетикасын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында кадрларды даярлау жоспары жеке әзірленіп, қабылданбақ. Оның негізінде қажетті мамандар даярланатын болады. Бұл біздің аймақтың білім саласы үшінде тиімді болмақ. Сала мамандарының пікірінше электр қуатын тұтыну көлемі елімізде жыл сайын 3 пайызға артуда. Ал өзімізге қажетті электр қуатын өндіруде көмірдің рөлі басымырақ. Бүгінде электр қуатының 70 пайызы көмірден өндіріледі. Осыны бағамдай келе елде АЭС салу мәселесі туындап отыр. Президет бұл ұсынысын халық таңдауына бергені – саяси стратегиялық қадам деп түсінуіміз керек», – деді Мұрат Әбенов.
Қазір әлемнің алпауыт елдері дамыған, озық технологиялар көмегімен халықтың әлеуетін, ішкі экономикасының тиімділігін арттыруда. Оның ішінде уран өндірісінен туатын атом энергиясы да бар. Қазір ғалымдар атом станциясының соңғы моделін, яғни «3+» буынын ойлап тапты. Бұл механизм суды да аз қажет етеді. Қоршаған ортаға да зияны тимейді, әрі көп мөлшерде энергия өндірмек.
Штаб мүшесі Мархабат Жайымбетов энергетика саласы төңірегінде кеңінен ақпарат беріп өтті.
«Бүгінде ауаға тарайтын көмірқышқыл газы артып, экология ластауда. Осы орайда, дамыған елдер жасыл энергия саналатын атом электр станция жұмысын жандандырып, нәтижесін көруде. Атом энергетикасы қоршаған ортаға қолайлы, ел экономикасына тигізетін септігі мол сала. Қазір энергияның басым бөлігі көмірден өндіріліп жатыр. Негізенен электр қуатын жел, су, күн сәулесінен көздерінен алуға болады. Алайда бұл ауа-райына тәуелді болғандықтан тұрақты эенергия көзі болып табылмайды», – деді ол.
Басқосуда сала өкілдері де атом энергиясының тиімді тұстары төңірегіндегі ойларын ортаға салып, жалпы референдумның ел болашағы үшін маңызды қадам болмағын тілге тиек етті.