Сенат депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған маңызды мақсат-міндеттерді, оның ішінде атом энергетикасының тиімділігін талқылау мақсатында қазыналы қариялармен жүздесті. Нақты айтқанда «Қалалық ардагерлер кеңесі» алқасымен кездесті.

Әрине, ел басындағы маңызды мәселелерді талқылауда, қоғамның ақылшысы, тірегі ретінде қариялардың, ардагерлердің алар орны биік. Кездесуде АЭС-тің елге берер пайдасы, еліміздегі маңдайалды Ядролық-физикалық орталықтың жұмысы әңгіме арқауы болды.

Жиын шымылдығын ашқан Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Шахизат Хамитұлы: Біздің мемлекет те өзге елдер секілді болашағын ойлап, атом энергетикасының тиімділігін пайдалануға бет бұрып отыр. Елімізде ол үшін уранның қоры жетерлік. Ғалымдар атом энергиясының оң солын пайымдап, тиісті шешімге келіп, жақсы бағасын беріп отыр,-деді.

Кездесуде Халықтық штаб мүшесі Наурызбай Байқадамов: Әлемдегі ядролық реакторлар мен атом станцияларының жұмысын бақылап отыратын «МАГАТЭ» ұйымы барлық күмәнді сейілтеті. Себебі, атом энергетикасына қатысты барлық мәселе аталған ұйымнан ой елегінен өткізіліп, маңызды мәселелер қатарынан түскен емес. Қазірде Корея секілді мемлекеттер 2050 жылы сұранысқа ие болатын маман иелерін даярлаумен айналысуда. Демек, келешек күнді, жастардың болашағын осы бастан айқындап, нақты қадам жасайтын кез келді,-деді.

Ал Тасбөгет кентінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Молдашев: Жаһанның келешекке ұмтылу қарқыны қазірде өте жылдам. Күн сайын жаңа технологиялар әлемді аузына қаратуда. Электр қуатының да қоры таусылары анық. Сондықтан, атом энергетикасын қолдау өте маңызды,-деп пікір білдірді.

Алқалы жиында штаб мүшесі Руслан Рүстемов ядролық атомға байланысты көпшіліктің пікірін ескеру қажеттігін атап өтті.

«Бүгінде қоғамның ойындағы фобияның бірі – атомнан келетін қауіп. Бұл өткен күндерден қалған қиын кезеңнің естелігі болар. Дегенмен, кеше әріптесім Наурызбай Сейтқалиұлымен «ЯФИ» орталығында болып, осы саламен айналысатын мамандармен тілдесіп, жұмыстарымен таныстық. Осыған дейін «МАГАТЭ» ұйымынан келген тексерулер нәтижесінде бірде-бір рет ескерту жасалмаған екен. Демек, отандық ғалымдарымыз, орталық мамандары тиісті деңгейде қызмет атқаруда»,-деп атап өтті.

Дөңгелек үстелде бас қосқан ардагерлер мәселенің мәйегін пайымдап, өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.

БӨЛІСУ