Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиынға Үкімет отырысының күн тәртібіне сәйкес облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте көтерілген мәселелер арқау болды.
Алдымен су тасқынының алдын алу мәселесі талқыланып, ауылдық округ әкімдеріне, жаупты мекеме басшыларына, жауапты адамдарға бірқатар тапсырмалар берілді.
Аудан әкімі өңірімізде қауіпті аймақ саналатын Сырдария өзені бойындағы бірқатар елді мекендердің жағдайы басты назарда болу керектігін айтып, қауіпті тұстарға ескертпе тақтайшаларын орнатып, эвакуациялық жинақтау және қабылдау бекеттерін дайындыққа келтіру керектігін айтып өтті. Сонымен бірге су тасқынының алдын алу бойынша дайындық жұмыстарын жүйелі әрі дер кезінде ұйымдастырылуын қадағалау үшін орындаушыларға міндеттер жүктеді.
Мұнан кейін жылу беру маусымына дайындықтың жүйелілігі туралы айтылса, бұған дейін өткізілген мәжілістерде әлеуметтік нысандардың жылу беруге дайындығы, оның ішінде қажетті қатты және сұйық отынның мерзімінде жеткізілуі жөнінде сала басшыларына берген тапсырмалардың жауабы тыңдалды.
Сондай-ақ, Арал қаласындағы 7 әлеуметтік нысан мен Жақсықылыш кентіндегі 1 нысанның бу қазандықтарын газға ауыстыруды қажет ететіндігі және автогаз құю бекеттері арқылы сұйытылған мұнай газы өзекті мәселе ретінде қаралуы керекетігін алға тартып, осы мәселелерге байланысты тапсырмалар жүктелді.
Жиын соңында аудан әкімі А.Оңғарбаев күн тәртібіндегі өзекті мәселелер назардан тыс қалмауы керектігін айтып, тапсырмалардың орындалуы жіті бақылауда болатынын жеткізді.