Жалағаш ауданында Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің «Салауатты сана» жобасы аясында III көшпелі отырысы болып өтті.
Іс-шара екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде қатысушы қонақтар Жалағаш ауданындағы Руханият орталығында қолөнер ел аналарының ұлттық бұйымдарынан дайындалған «Ұлы мұра – ұлттық өнер» фестиваліне қатысты. Фестивалде ағаштан, темірден түйін түйген, жүннен көз жауын алатындай бұйым жасаған, асыл тастардан сән бұйымдарын соққан, сүйек пен мүйізді, шиді қиыннан қиыстырған аудан шеберлерінің мақтауға тұратын өнер туындылары көпшілікке ұсынылып, еңбектері бағаланды.
Қатысушылар ұлттық құндылығымызды насихаттау мақсатында құрылған Томирис орталығымен де танысты. Жалпы алғанда, іске ұста халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтардың бірі – қолөнер барынша насихатталды.
Мұнан соң аудандық Отбасын қолдау орталығында Аналар кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Отырысқа көпбалалы аналар, әлеуметтік аз қамтылған отбасы аналары қатысты.
Жиында республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясындағы «Салауатты сана» жобасы таныстырылды. Қазіргі таңдағы жастар мен жасөспірімдер арасындағы «Қауіпті бес кесел» проблемалық мәселелері талқыланды.
«Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Руслан Құрманов алғы сөзінде бақытты отбасы болудың қағидаттары, ажырасудың алдын алу, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық сынды мәселелер төңірегінде әңгіме қозғады.
Облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Айгүл Мұсабаева жастардың бес кеселден аулақ болып, білімге, өнерге ынтасын үнемі жетілдіруге жұмыс жасауы, қоғамдағы өміршең өзгерістерге, идеялық-саяси, әлеуметтік-мәдени жұмыстарға араласуы туралы айтып өтті. Бұл мәселелерді Аналар кеңесінің мүмкіндіктерімен үйлестіру – табысты тәрбиенің тағы бір негізі екендігіне тоқтала кетті.
Жалағаш ауданының полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Ұлболсын Ахметова ана мен бала құқығын қорғау – Қазақстан үшін қашанда аса маңызды басымдықтардың бірі екендігін атап өтті. Аудандық қоғамдық даму бөлімінің қызметкері Арыстанбек Байқабылов жастарды жат діни ағымдардан сақтандыру бағытындағы жұмыстарды айтып өтті.
Тағылымды шара соңында «Жалағаш аудандық отбасын қолдау орталығының» психологі Ақмарал Темірбек қатысушыларға мейірім мен достыққа, бірлік пен татулыққа үндейтін тренинг өткізді.

БӨЛІСУ