Дүйсенбі күні аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Шиелі кенті мен Көкшоқы мөлтек ауданында салынып жатқан «Руханият» орталығы мен 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімі, МРТ аппаратын орнатуға арналған арнайы блок ғимаратының және спорт кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Алдымен, Айтбай Насриддинұлы Көкшоқы мөлтек ауданының орталығынан орын тепкен жалпы құны 1,6 млрд теңге болатын «Руханият» орталығында болды. Орталықта музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар кеңесі, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдар орналасады. Кездесуде аудан басшысы мердігер мекеме өкілдерімен туындаған кедергілерді шешу жолдарын қарастырып, құрылыс жұмыстарының сапасы жоғарғы деңгейде аяқталуы керектігін айтты.

Келесі кезекте Айтбай Насриддинұлы Шиелі кентінің теріскей бетінде салынып жатқан Спорт кешеніне барып, 2025 жылы аяқтау жоспарланған нысанның жай-күйімен танысты, мердігер мекеме өкілдерінің жоспарын тыңдады.

Мұнан соң, аудан басшысы 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімі мен МРТ аппаратын орнатуға арналған арнайы блок ғимаратының құрылысы жүріп жатқан аумаққа барды. Мердігер мекеме өкілдерімен кездескен аудан басшысы жұқпалы аурулар бөлімінің ескі ғимаратының жағдайы сын көтермейтіндігін, көпшілік жаңа бөлімнің ашылуын асыға күтіп отырғандығын айтты. Сондықтан, құрылыс жұмыстарын
сапалы жасау керектігіне баса назар аударды.

БӨЛІСУ