Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбек Жосалы кентіндегі қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасын бақылау мақсатында арнайы рейд жүргізді. Қоғамдық көлікке мінген әкім жолаушылармен әңгімелесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады, қызмет сапасына байланысты пікірлерін білді.

Жосалы кентінде күнделікті «Жосалы кентішілік №1» және «Жосалы кентішілік №2» бағыттары бойынша 6 автокөлік (ПАЗ 322-054 және ПАЗ 322-053 маркалы) қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, 2 автобус резервке қойылған, жалпы алғанда 8 қоғамдық көлік жұмыс істеп тұр. Бұл маршруттар дүйсенбі-сенбі күндері таңғы 07:30-дан кешкі 19:30-ға дейін қызмет көрсетеді. Қоғамдық көліктердің арақатынасы 15 минут болып белгіленген.

Аудан әкімінің қолдауымен биылдан бастап Жосалы кентіндегі тазалық қызметін атқаратын 89 қоғамдық жұмысшыға қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндігі қарастырылды. Бұдан бөлек, республикалық, облыстық және аудандық саяси іс-шаралар мен атаулы мерекелік күндерде тұрғындарға тегін тасымалдау ұйымдастырылуда.

БӨЛІСУ