Аудан әкімі Жандос Еркінбек бүгін бірқатар шаруашылықтардың егін жинау жұмыстарымен танысты. Атап айтқанда, «Ораз ахун ЛТД» ЖШС, «Ақтөбе и К» ЖШС, «Оңталап» шаруа қожалығы, «Достық жер МК» ЖШС және «Жаңажол» ЖШС егіс алқаптары мен қырмандағы жұмыстарды көріп, ауыл ақсақалдарымен және шаруашылық басшыларымен кездесті.
Кездесу барысында аудан басшысы егін-жай еңбеккерлеріне қамба астыққа толып, қырман тасысын деген ізгі тілегін білдіріп, сәттілік тіледі. Сонымен қатар су тапшылығы мәселесінде аймақ басшысының араласуымен оң шешімін тапқанын атап өтіп, егінді жауын-шашынға қалдырмай жинап алуды тапсырды.
Айта кетейік, биыл аудан көлемінде 24 357 гектар егістік жер өңделіп, соның 13 270 гектарына сыр салысы егілген. Қазіргі уақытта егін жинау жұмыстары қарқынды жүруде. 6 750 гектар алқаптағы күріш жиналып, 30 мың тонна өнім қамбаға құйылды. Орташа өнімділік гектарына 55-60 центнерді құрауда.
Күзгі дала жұмыстарына жалпы 471 бірлік техника, оның ішінде 75 комбайн жұмылдырылған. Сонымен қатар, арзандатылған жанар-жағар май ретінде бөлінген 1 276 тонна дизель отынының 664 тоннасы шаруашылықтарға жеткізілді. Егін жинау жұмыстарын қазан айының алғашқы онкүндігінде толық аяқтау жоспарланып отыр.