Биыл Мемлекет басшысының қолдауымен қаламыздағы 187 көпқабатты үйге ыстық су жеткізіледі. Қазіргі таңда 107 тұрғын үйге ыстық сумен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының Басқарма төрағасының кеңесшісі Мұхитжан Кәрімбаев баяндады.

Бұл мақсатта Үкімет резервінен 11 млрд. теңге бөлініп, ыстық сумен жабдықтау жұмыстарын «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асырушы оператор болып бекітілді. Аталмыш жұмыстар екі кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезең бойынша 187 үй, екінші кезеңде 2025 жылы 237 үй орталықтандырылған ыстық сумен қамтылады.

Мемлекеттік сатып алу конкурстары нәтижесінде ЖШС «Мелиратор», ЖШС «BSG инженеринг» және «Көкшетаугидрогеология» АҚ жеңімпаз ретінде анықталып, бүгінде аталмыш мердігер мекемелер қаламыздағы 107 тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтау жұмыстарын жүргізуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстары қазан айында аяқталып, жылу беру маусымы қарсаңында ыстық су толығымен іске қосылады, – деді Мұхитжан Кәрімбаев.

Қала әкімдігі тарапынан көпқабатты тұрғын үйдің пәтерлерін орталықтандырылған ыстық сумен қамтамасыз етуге бағытталған қажетті шараларды қабылдайтын жұмысшы тобы құрылып, алгоритмі бекітілген. Бүгінде бекітілген алгоритм бойынша жұмысшы топ қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үй пәтер иелерімен орталықтандырылған ыстық суға қосу және оны жүргізу бағытында кеңінен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Атап айту қажет, пәтер иелері ыстық су жүйесіне қосылғанда тұтынушыларға электрлі су ысытқышқа қарағанда едәуір тиімді болмақ. Мәселен, су ысытқыш қондырғысының 50 литр суды ысытуға орта есеппен 2 кВт күніне, яғни 1 айда және орта есеппен 2 м3 су пайдаланғанда орташа есеп бойынша 1 айға электрлі ысытқышпен шамамен – 1 565,6 теңге төлейді екен. Ал жылу энергиясы арқылы су ысыту жүйесіне келер болсақ бекітілген тариф бойынша 1 м3 – 172,03 теңге. Яғни орта есеппен тұтынушы 2 м3 ыстық суды пайдаланғанда (1 м3 тарифі су, кәріз – 43,1 теңге, 49,69 теңге) қоса алғанда орташа есеппен шамамен – 529,66 теңге құрайды.

Жүргізілген есептемелерге сәйкес электрлі су ысытқыш қондырғысына қарағанда, орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосылу 1035,94 теңге айырмашылық, яғни 66,2% тиімдірек болады. Осы ретте, қала тұрғындарын орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосылуға шақырамыз, − дейді Мұхитжан Исмайұлы.

Сонымен қатар, онлайн брифингте Мұхитжан Кәрімбаев тұрғындар жылу маусымында ғана емес, қысы-жазы ыстық сумен қамтамасыз етілетінін жеткізді.

БӨЛІСУ