Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы Бексұлтан Бостандықовты және жаттықтырушысы Хакімжан Елеусіновты арнайы қабылдап, жеңіспен құттықтады. Қабылдауға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев және спорт саласының қызметкерлері қатысты.
Аудан басшысы көшпенділер ойындары жеңімпазының жарқын жетістігі ел мерейін үстем еткенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткен болатын. Әлемнің 90-ға жуық мемлекетінен
2500-ге жуық спортшы қатысқан дүбірлі додада
97 медальді сарапқа салынып, ел спортшылары жоғары жетістікке жетті. Аталған байрақты бәсекеде ауданның мақтанышы Бексұлтан Бостандықов спорттың тоғызқұмалақ түрінен жеңімпаз атанып, облысымыздың абыройын асқақтатты. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев көшпенділер ойындары жеңімпазының жетістігін жоғары бағалап, облыс орталығында сый-құрмет көрсетілді.
Аудан абыройын көтеріп, халықаралық жарыстағы үлкен жеңіспен шын жүректен құттықтаймын! Осындай жетістікке жетуде жаттықтырушы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Хакімжан Елеусіновтың және ата-анаңыздың еңбегі зор. Дарынды шәкірт және ұлағатты ұрпақ тәрбиелегендеріңіз үшін Сіздерге шынайы алғысымды жеткіземін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Аудан әкімі көшпенділер ойындарының жеңімпазы Б.Бостандықовты жаттықтырушысы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Х.Елеусіновты «Алғыс хатпен» марапаттап, сый-құрмет көрсетті. Сонымен қатар, анасы А.Әлиеваға да құрмет көрсетілді.
Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев сөз сөйлеп, бұл жеңіс елдің мерейі екенін айтса, облыстық дәрежедегі аға жаттықтырушы Хакімжан Елеусінов алғысын білдірді.
Б.Бостандықов 2005 жылдан бері тоғызқұмалақпен шұғылданып келеді. Спорттық мансабында көптеген жетістіктерге жетуде. Еуропа, Азия чемпионы болса, жылдың басында ҚР чемпионы атанды. Түркия мемлекетінде өткен Әлем біріншілігіне қатысты. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері бүгінде көптеген шәкірт тәрбиелеп жүр.