Облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Баймановтың төрағалығымен мектеп оқушыларының тәрбие мәселесіне қатысты мәжіліс өтті.

Мәжіліске аймақтағы барлық мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен психологтары қатысты.

Жиында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың тәлім-тәрбие алуы, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мәселесі жан-жақты талқыланды.

«Біртұтас тәрбие бағдарламасына» сәйкес білім беру ұйымдары тәрбие бағытында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеуді басты бағдар етуі керек. Тәрбие жұмыстарының мазмұнында ұлттық мүдде, ар-намыс, ризашылық, жауапкершілік және алға ұмтылыс сияқты құндылықтар көрініс табуы тиіс», – деді Ш.Байманов.

Шахмардан Асқарұлы ойын-сауық орындарында өткізілетін рейдтік шараларды өткізу, сынып жетекшісі мен ата-ана арасындағы байланысты күшейту мәселесіне тоқталды.

Мәжіліс қорытындысы бойынша мектептердегі ата-аналарды педагогикалық-психологиялық қолдау орталықтарының және әкімдіктер жанындағы «Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның» жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Айта кету керек, бүгінгі таңда, облыста «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығы», «Психологиялық қолдау орталығы» жұмыс жасауда. Орталықтар оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды үйлестіру және қиын жағдайда қалған оқушыларға психологиялық, психолог мамандарға әдістемелік-сүйемелдеу көмектерін көрсетуде.

Өткен аптада білім беру ұйымдарының ата-аналар комитеті төрағаларымен мәжіліс өткізіліп, бала тәрбиесінде бірлесіп жұмыс жасау жолдары талқыланған болатын.

БӨЛІСУ