Жаңа оқу жылының басталып кеткеніне көп уақыт болған жоқ. Дегенмен аудан ұстаздары алға қойған анық мақсаттарын орындауға кірісіп кетті. Бұл тұста балалардың ыстық тамағының сапасы, жылу маусымына дайындық, мектептің материалдық-техникалық базасы, қауіпсіздік шаралары сынды дүниелер назардан тыс қалмауы тиіс. Бүгін аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов алыс-жақын ауылдардағы білім ұяларын аралады.
Ауданның бас ұстазы алдымен Жанкент ауылында орналасқан №104 мектепке барып, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Мектеп басшысына орын алған кемшіліктер жайында тиісті тапсырмалар берді. Бұдан кейін №102 мектептің оқу барысын бақылап, мектеп жанындағы 40 орындық шағын орталықтың ішкі жұмысына баға берді.
Бөлім басшысының іс-сапары Қожабақы ауылындағы Айгүл балабақшасында жалғасты. Онда жаңадан алынған жылу ошақтарын күтіп ұстау, мекеме құрамындағы ғимраттардың ажарын арттыруға балабақша меңгерушісі Айгүл Махмутқа нақты тапсырма берді. Ал №25 орта мектеп басшысына ауладағы жасыл алаңды қалыпқа келтіру керегін айтты.
Әділхан Оңдасынұлы бұдан соң Аранды ауылына ат басын тіреді. Мектеп директоры Алмагүл Алуашова аулада желегі жайқалған жеміс ағаштарын баса назар аудартып, бірер жыл бұрын жасақталған жаңа модификациялық сыныптарды көрсетті.
Сыр сүлейі Қарасақал Ерімбетовтің есімімен аталатын №96 орта мектептің де маусымдық жұмыстарға дайындығы пысықталды. Мектеп басшысы мектептің шаруашылық тіршілігіне байланысты бірқатар тапсырма алды.
Түске дейінгі іс-сапар аудан орталығынан шалғай жатқан Кәукей ауылында тәмамдалды.