Бүгінгі аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің тұрғындармен кездесуі Сарыкөл мен Ғани Мұратбаев ауылдық округтерінде жалғасты.
Алдымен дарияның арғы бетіндегі Абай ауылының халқымен дидарласқан аудан басшысы жыл басынан бері атқарылып келе жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Мұнан соң кезек ұсыныс пікірлерге келгенде ауыл халқы ауыл сыртындағы шабындық пен жайылымдық жер мәселесін ортаға салды. Бұған қатысты аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов тиісті жауап берді.
Мұнан кейінгі халықпен кездесу Ғ.Мұратбаев ауылында жалғасын тапты. Тұрғындармен кездесуде аудан басшысы ел ішіндегі жүйелі жүріп жатқан жұмыстарға тоқталып, келер күннің еншісінде тұрған мақсат-міндеттерді де сөз етті. Сондай-ақ, ауыл халқының мұң-мұқтажын тыңдап, пікірлеріне құлақ асты.
Елді мекен жұртшылығы тарапынан ауылға білім ошағы мен балабақша және спорт кешені қажет екендігі, сондай-ақ, ауыл ішіндегі бірнеше көшеге жол жөндеу жұмыстарын жүргізу, ауыл сыртынан мал суғаруға скважина қазу, жайылымдық жер мәселесі және аудан орталығынан бау-бақша өнімдерін сататын арнайы орын қажеттігі сынды мәселелер көтерілді.
Аудан басшысы көпшілікке барлығын заңдылыққа сәйкес жіті түсіндіріп, қойылған сауалдарға жеке-жеке тоқталып, нақты жауап берді. Сондай-ақ сауалдарға қатысты тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Тұрғындармен өткен кездесулер барысында аудан басшысы жеке мәселелері бойынша жүгінген тұрғынмен қабылдау өткізіп, көтерген мәселелері бойынша заңдылыққа сәйкес жұмыс жасалатындығын жеткізді.
Аудан әкімі ауылдарға жасаған сапары барысында барлық әлеуметтік нысандардың бу қазандықтарының қысқы жылу беру маусымына дайындығын пысықтап, Абай ауылындағы жуық арада іске қосылатын көгілдір отынды тұрғын үйлерге кіргізу жұмыстарын көрді. Сонымен қатар Абай ауылындағы Сырдария өзенінен өтетін қалқымалы көпірдің жағдайын көріп, округ әкімі мен аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Сыдықовқа және қалқымалы көпірге жауапты кәсіпкерге көпірге тез арада жөндеу жұмыстарын жүргізіп, айналасын ретке келтіруді тапсырды.