Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбекұлының төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиында аудан аумағында Мемлекеттік рәміздердің қолданылуы және оларды насихаттау мәселелері қаралды.

Күн тәртібіне сәйкес аудандық қоғамдық даму және білім бөлімінің басшылары, сондай-ақ ІІІ Интернационал және Ақай ауылдық округ әкімдерінің есептері тыңдалды.
Аудан басшысы Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздігіміздің басты нышаны екенін атап өтіп, олардың дұрыс қолданылуын қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты.

– Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер, сонымен қатар өркениеттің дамуына ықпалы мол бірегей қоғамдық феномен. Елдігімізді, егемендігімізді жарқырата бейнелейтін мемлекеттік рәміздер – еліміздің мәртебесін, ұлттық нышандарын кереметтей көрсететін ерекше қастерлі белгілер екендігіне көзіміз жете түседі. Сондықтан да мемлекетіміздің рәміздерін қолдану мен насихаттаудың, құрметтеу мен қастерлеудің міндетті парызын біз үнемі назарда ұстауымыз керек, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, жастардың, мектеп оқушыларының, мемлекеттік сала қызметкерлерінің, жалпы ауданымыздағы әрбір азаматтың мемлекеттік рәміздерге деген құрметі жоғары болуы тиіс екендігін айтып өтті.

Жиын соңында, тиісті сала басшылары мен кент, ауылдық округ әкімдеріне мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмыстарын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

БӨЛІСУ