Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Қосаман ауылдық округіне ат басын бұрып, ауылдық округ бойынша сайлау науқанына сәйкес ең көп дауыс жинаған Анарбек Кеншімбаевтың кандидатурасын таныстырып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, бұған дейін ауыл әкімі болып абыройлы қызмет атқарған, ел ықыласына бөленген Әлібек Ізбасаровқа және сайлау науқаны кезінде елге қызмет етуге ниет қылған өзге кандидаттарға аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.

Естеріңізге сала кетейік, кеше ауданға қарасты бірнеше ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткен болатын. Нәтижесінде Қосаман ауылдық округі бойынша ең көп дауыс жинаған Кеншімбаев Анарбек Жолдасұлы – Арал ауданы, Қосаман ауылдық округінің әкімі болып есептелінді. Нақты нәтижені аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Н. Зағатов хабарлап, ауыл әкімінің қызметтік куәлігін табыстады.

Аудан әкімі ауыл тұрғындарымен жүздесіп, алдағы өткізілетін республикалық Референдумға қатысты өз ойын ортаға салып, ауыл тұрғындарын саяси науқанда белсенділік танытуға шақырды. Тұрғындар тарапынан көтерілген елге ортақ мәселелерді ендігі кезекте жаңа әкіммен бірлесіп шешуге жұмыс жасайтынын, мәселелерді назардан тыс қалдырмайтынын атап өтті.

Мұнан соң, ауылдағы білім ордасы №68 орта мектеп ішінен жасақталған №32 референдум учаскесіне барып, алда өткізілетін республикалық Референдумға дайындық жұмыстарымен танысты. Мектептің жылу қазандығын көріп, жылу беру маусымына дайындық барысын бағамдады. Мектеп басшылығына уақытында кемшіліктер анықталмас үшін қазірден қам жасау керектігін ескертіп, оқу жылында кемшіліктерге жол бермеу керектігін тапсырды.

Қосаман ауылдық округіне қарасты Ақеспе елді мекеніне сапарын жалғаған аудан әкімі А.Оңғарбаев, елдегі №237 негізгі мектебінің жанында құрылған №33 референдум учаскесінде болып, сайлау науқанында жұмыс істеген комиссия мүшелерімен тілдесіп, алдағы саяси шараларда белсенділік танытуға шақырды.

Аудан әкімі ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлеріне құлақ түріп, көтерілген мәселелерді шешу үшін мүмкіндіктер қарастырылатынын жеткізді.

БӨЛІСУ