Бүгін «Қызылорда су жүйесі» МКК-ның жаңарту және жаңғырту жұмыстары мен инвестициялық міндеттемелерінің орындалуымен танысу мақсатында арнайы баспасөз туры өтті.
Баспасөз турына «Ақ жол» партиясынан сайланған облыстық мәслихат депутаты, Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Б.Сандыбаев, «AMANAT» партиясынан сайланған депутаттар, Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Б.Шәменова, Г.Мұсаева, «Ауыл» партиясынан сайланған депутат Қ.Сақтағанов, сондай-ақ, табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы А.Егембергенов және «Қызылорда су жүйесі» МКК-ның бас инженері Н. Баярыстанов қатысты.
Баспасөз туры барысында «Қызылорда су жүйесі» МКК-ның бас инженері Н. Баярыстанов бірқатар мәселелерге тоқталып өтті.
Атап айтсақ, су құбыры және кәріз желілеріндегі тозуды азайту, сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің сапасын арттыру мақсатында табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті 2023-2024 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны бекіткен.
Сондай-ақ, Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында 2023 жылдан бастап «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы жұмыс жасауда, оның негізгі міндеті жөндеу жұмыстарының көлемін ұлғайту және табиғи монополиялар субъектілеріне қосымша инвестициялар тарту есебінен электр, жылу және сумен жабдықтау саласындағы желілердің тозуын төмендету болып табылады.
2024 жылға арналған инвестициялық бағдарламада, оның ішінде: 185 метр су құбыры желілеріне, 280 метр кәріз желілеріне күрделі жөндеу, 40 бірлік өрт гидранттарын ауыстыру, сондай-ақ «Тасарық», «СПМК-70», «Наурыз» кәріз сорғы станцияларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
«Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы аясында бюджет қаражатының есебінен кәріз желілерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында 8,3 км кәріз желілері қайта жаңғыртылуда. Бүгінгі таңда сумен жабдықтау мен су бұруды қайта жаңарту және жаңғырту бойынша орындалған жөндеу жұмыстарының көлемі 36,77% құрап отыр.
Шара барысында бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асыруда орындалған жұмыстармен таныса келе, халық қалаулылары тарапынан қала тұтынушыларын сенімді үздіксіз сумен қамтамасыз етуге, негізгі құралдардың тозу дәрежесін төмендетуге, саладағы су жабдықтарының жұмысқа қабілеттілігін жақсартуға, кәріз жүйесінің тозуын азайту және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға байланысты бірқатар ұсыныс пікірлер айтылды.