Бүгін облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Жалағаш ауданданында жауапты сала басшыларынан құрылған арнайы топ аудан аумағындағы автогаз құю станцияларында автокөлікке жанармай құю үшін сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағалары мен мөлшері бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Зерделеу жұмыстары барысында тұрғындарды жеткілікті мөлшерде кедергісіз сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету шаралары тұрақты ұйымдастырылу қажет екені ескертілді.

Бүгінде Жалағаш ауданы бойынша сұйытылған мұнай газы бойынша 5 оператор, 6 газ құю бекеті жұмыс жасайды. Барлығына шектеулер болмау қажеттігі ескертілді.

Бүгінгі жиында аймақ басшысы ператорлардан сатылым лимитін алып тастауды талап етіп, газ тапшылығын қолдан жасауға тыйым салды.
«Энергетика министрлігінің 26 маусымдағы №233 бұйрығына сәйкес сұйытылған газдың бағасы 1 шілдеден бастап өсті. Нақтырақ айтқанда, өңірімізде шекті бөлшек сауда бағасы 1 литр үшін – 70 теңге, ал, облыс орталығынан 200 шақырымнан астам қашықта орналасқан шалғай аудандарда 1 литрі – 75 теңге.
Жаз айларында Түркістан облысы мен Шымкент қаласында газ тапшылығы байқалды. Ұлытау облысында баға біздің өңірмен салыстырғанда едәуір көтерілген, 1 литрі 84-89 теңге, бұрын 76-81 теңге еді.

Операторлардың газды не үшін талонмен сататыны белгілі. Жеке және заңды тұлғалармен келісімге келіп, оларды газбен толық қамтамасыз етуге жұмыс жасайды. Әлеуметтік газды тек халыққа сату керектігі былтыр да қатаң ескертілді.
Бұл мәселеде мен халықты қолдаймын, қарапайым тұрғындар газ тапшылығынан зардап шекпеуі керек. Автобекеттерде кезек болмауын қадағалаңыздар. Қазіргі қойылған лимитті алып тастаңыздар», – деп тапсырды Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Бекболат Шәріпбеков аталған мәселеге орай хабарлама жасады. Облыс аумағында 25 оператор 210 автогаз құю бекеті арқылы сұйытылған мұнай газын сатады. Қыркүйек айына аймаққа 7 184 тонна газ бөлінді.

БӨЛІСУ