Биыл аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі асфальтталатын көшелердің қатарында – Әбілхайыр хан көшесі де бар. Қазіргі таңда аталған көшеде қызу жұмыс жүріп, асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аудан орталығындағы ұзындығы 1,9 шақырымды құрайтын көшеге жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет арнайы барып көріп, мердігер мекеменің жұмысын бақылады.

Жауапты орынбасары Жалғас Сүйеубаев пен мердігер мекеме «Қазалы Жолшы» ЖШС-нің жауапты өкілі Ерлан Серікке жол құрылысының ең әуелі сапасына басымдық бере отырып, тез арада аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ алдағы уақытта жол құрылысы тікелей өзінің қадағалауында болатынын жеткізді.

Айта кетейік, бұдан бөлек биыл Әйтеке би кентінде «Ауыл–ел бесігі» бағдарламасы аясында Жанқожа батыр және Әйтеке би көшесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатса, Бегім ана, Сырым батыр көшелеріне күрделі жөндеу және С. Сейфуллин көшесін орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп пайдалануға берілді.

Одан бөлек, «Қазалы жолшы» ЖШС тарапынан Әйтеке би кентінің 6 көшесі – Жанқожа 3 км, М.Өтемісұлы тұйығы, Ұялы, Ақан Сері, 2 квартал, Қасым Аманжолов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

БӨЛІСУ